1

Ер Едіге эпосы түрік тілінде жарыққа шықты

АҚТӨБЕ, 2021 жылғы 12 ақпан (ҚазАқпарат) – Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысы мәні зор жобаларды ұсынды. Ақтөбе жерінде де түркі әлемінің фестивалін өткізу жоспарлаған. Бұл туралы С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің проректоры, «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Мұхтар Миров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асырудың арнайы Жол картасы ұсынылды. Бұл ұсыныстың мән-мағынасына зер салған ақтөбелік ғалымдар да өз ойын айтып, өңірде атқарылып жатқан ауқымды істің негізгі бөлігіне тоқталды.

«Киелі Қазақстан» арнайы жобасы негізінде ұлттық туризмді дамыту дұрыс іс. Шын мәнінде Қазақстанның әр түкпірі киелі. 360 әулие мекен еткен Маңғыстау жерін мысалға алуға болады. Әр төбе, әр қыраты, әр сайында тарих бар. Ақтөбе өңірінде де киелі мекен көп. Киелі жерлерді зерттеу кезінде Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті, «Рухани жаңғыру» институты арнайы жобаны бастады. «Ақтөбе облысының тарихи тұлғаларына тағзым» тақырыбында ғылыми экспедиция ұйымдастырылды. Мақсат – киелі жерлерге тәу етіп, ұлттық рухани сананы жаңғырту. Барлығы 24 тарихи тұлғаға жол картасы ұсынылды. Облыс әкімі, телеарна және С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті қолдады. Індет кезінде жұмыс тоқтағанымен, мұның маңызы зор екенін түсіндік. Экспедиция кезінде зерттеу жүргізіліп, тың мәліметтер жиналады. Енді оны жастарға ұсыну, таныту маңызды. Осы арқылы ішкі туризм өз бетімен дамиды деп есептейміз»,- деді Мұхтар Миров.

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің проректоры, «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Ер Едіге батырды зерттеу, тың деректерді жинау, әлем ғалымдарының ой-пікірін бір арнаға тоғыстыру жұмысы өз нәтижесін бергенін айтты.

«Алтын Орданы 17 жыл билеген, елдің жадында «Ел қамын жеген ер еді» деген атаумен тарихта қалған Ер Едіге батырдың мәңгілік қоныс тапқан мекені Ақтөбе облысы, Байғанин ауданындағы Сағыз өзені бойындағы Едіге жалы төбесі. Осы бағытта біз арнайы зерттеу жұмысын жүргізіп жатырмыз. Едігетанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Жұманазар Асан көп зерттеді. Сол жер қоршалып, заңды түрде зерттеу үшін жалға алынды. Деректі фильм дайындалды. Тек Қазақстан емес, Түркия, Әзербайжан, Дағыстан, Иран, Пәкістан секілді бірнеше ел ғалымдары қатысқан халықаралық симпозиумда фильм көрсетіліп, философия ғылымдарының докторы, профессор Бекежан Ақанұлы Ер Едігенің өмірі мен ерлігі туралы ағылшын тілінде баяндама жасады. Өткен жылы Шоқан Уәлиханов зерттеуіндегі нұсқасы, Ер Едіге эпосы түрік тілінде жарыққа шықты», – деді ол. Мұхтар Мировтың айтуынша, биыл қыркүйек айында түркі әлемінің фестивалін Ақтөбе жерінде өткізу жоспарланған.

Автор:

Алтынай Сағындықова

  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  

 

Ер Едіге эпосы түрік тілінде жарыққа шықты

Bu makaleyi paylaş

Share on facebook
Share on google
Share on twitter
Share on linkedin
Share on pinterest
Share on print
Share on email