22

Отандастар қоры Россотрудничество мен Конфуций институтындай пәрменді болуы керек – Мағауия Сарбасов

НҰР-СҰЛТАН, 2021 жылдың 12 наурыз (ҚазАқпарат) – «Отандастар қоры» КеАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов шетелдегі қазақ мәдени орталықтарына қандай қолдау көрсетілетінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Отандастар қоры қызметінің негізгі бағыты – шет елдерде тұратын отандастарды қолдау, мәдени-гуманитарлық жобаларды жүзеге асыру.

«Бейресми деректер бойынша бүгінде Қазақстаннан тыс жерлерде 7 млн астам этникалық қазақтар тұрады, 250-ден астам қазақ мәдени орталықтары мен отандастардың қоғамдық ұйымдары жұмыс істейді. Бұл – Қазақстанның демографиялық мәселелерін шешу үшін сарқылмас ресурс. Отандастар қорының 3 жылдық қызметінде қазақ қоғамдастықтары тарапынан материалдық-техникалық және қаржылық көмек көрсету туралы өтініш өте жиі келіп түседі. Ашығын айтқанда, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен «Отандастар қорының» құрылуы – шеттегі қазақтардың «тарихи Отанымыз енді бізге нақты қолдау көрсетеді» деген үмітін оятқаны анық», – деді М. Сарбасов Отандастар қоры жанындағы қоғамдық комиссия отырысында.

Жалпы этникалық қазақтар мекендейтін (РФ, Өзбекстан, Түркия, Германия, Франция және т.б.) көптеген елдерде, сол мемлекеттердің өздерінің этникалық қауымдастықтарына кеңінен қолдау көрсету, ұлттық мәдениеті мен тілдерін дамыту тәжірибесі жоғары деңгейде. Бұл тұрғыда «Отандастар қоры» Қоғамының бағыт-бағдары ресейлік «Россотрудничество», қытайлық Конфуций институты сияқты пәрменді ұйымдарға ұқсауы тиіс.

«Алайда, қаржылық мүмкіндігін салыстырсақ, біздің ұйым олардан артта қалады. Оған нақты мысал келтірейін: Тілді дамыту бойынша іс-шараларды қаржыландыру факторы маңызды өлшем екені даусыз. Ал, қарастырылған қаржыға келсек, тілдік бағдарламалар бойынша Отандастар қорының бюджеті – 14,9 млн теңге. Ал, орыс тілін насихаттауға арналған «Россотрудничество» бюджеті – 1 млрд рубль немесе 5,6 млрд теңге, Конфуций институтының қытай тілін шет тілі ретінде оқытуға арналған бюджеті – 25 млн АҚШ доллары немесе 10,5 млрд теңге. Пайыздық қатынаста қазақ тілін дамыту бюджеті орыс тілін танымал етудің небәрі 0,27% -ын, ал қытай тілін танымал етудің бар-жоғы 0,14% -ын ғана құрайды», – дейді спикер.

2020 жылы «Отандастар қоры» КеАҚ барлық қызметінің бюджеті 494 млн теңгені немесе 89,5 млн рубльді немесе 1,2 млн АҚШ долларын құраған.

«Бұл – өзге елдердің өз этникалық қауымдастықтарына қаншалықты жаны ашитынын, мемлекеттік қолдау көрсететінін дәлелдейтін мысалдың бірі ғана. Мәселен, Румынияның тәжірибесіне назар аударып көрейік. Еуропадағы бай елдердің қатарына кірмесе де, бұл елде румын тілі мен мәдениетін әлемге кеңінен таратудың, өздерінің диаспораларын қолдаудың нақты тетіктері қалыптасқан. Биыл отандастарымыз жолдаған тың жобалар мен тиімді ұсыныстарды ішінара қолдау қажеттігін ескере отырып, 2022-2024 жылдарға арналған бюджетке нақты ұсыныстар енгіздік. Ұлттық мүддеге негізделген бұл ұсыныстар тиісінше қолдау табады деп үміттенеміз», – деді М. Сарбасов.


Автор:

Айжан Серікжанқызы

Bu makaleyi paylaş

Share on facebook
Share on google
Share on twitter
Share on linkedin
Share on pinterest
Share on print
Share on email