22

Мұнай-газ, химия өнімдерін өндіру көлемі 4 есе ұлғайды

НҰР-СҰЛТАН, 2021 жылдың 16 наурыз (ҚазАқпарат) – Соңғы 4 жылда мұнай-газ химия өнімдер өндірісінің көлемі төрт есе ұлғайды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта Қазақстанда мұнай-газ секторын шикізаттық бағыттан қосылған құны жоғары өнім шығаруға, яғни жоғары бөліністегі мұнай-газ химия өнеркәсібін дамытуға қайта бағдарлау жөніндегі жұмыс жүргізілуде. Президенттің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында батыс өңірлерді мұнай-химия кешендерінің құрылысына инвестициялар тарту орталықтары ретінде қалыптастыру, сондай-ақ мұнай-химия мен жоғары бөліністі газ өңдеуді дамыту міндетін қойды», – деді өңдеу өнеркәсібін дамыту жайында баяндаған министр.

Оның атап өтуінше, жаңа кәсіпорындардың іске қосылуына және хош иісті көмірсутектер, майлар мен полипропилен өндіретін зауыттардың өнім шығару көлемінің артуына байланысты жыл сайын мұнай-газ химия өнімдері өндірісінің ұлғаюы байқалады. Мәселен, 2016-2020 жылдары шығарылған өнім көлемі 4 есе өсіп, 360 мың тоннаны құрады.

«Бүгінде елімізде жалпы қуаты шамамен 870 мың тоннаны құрайтын майлау материалдарын, полипропилен, метил-трет-бутил эфирін, бензол мен параксилол өндіретін 5 зауыт жұмыс істейді», – деді Нұрлан Ноғаев.


Автор:

Марлан Жиембай

Bu makaleyi paylaş

Share on facebook
Share on google
Share on twitter
Share on linkedin
Share on pinterest
Share on print
Share on email