TR  |  EN  |  RU
turkey turkey   azerbaijan kazakhstan kyrgyzstan turkmenistan uzbekistan kktc qha TAT BAŞQ
Ana Sayfa
Birlik Hakkında
Üye Haber Ajansları
Bildiri
Başkanın Mesajı
Tüzük
Haberler



Kazakistan
Қазақ тіліндегі хабарлары елу пайызға жетпейтін телеарналар заң жүзінде қатаң жауапқа тартылады – Мәдениет және ақпарат министрі
АСТАНА. Мамырдың 27-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақ тіліндегі хабарлары елу пайызға жетпейтін телеарналар заң жүзінде қатаң жауапқа тартылады. Бұл туралы бүгін Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед «Хабар агенттігі» акционерлік қоғамының өкілдерімен болған кездесуінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бәсекеге қабілетті қазақы ортаны қалыптастыру - басты міндеттеріміздің бірі. Біз 67 пайыз қазақ болдық. Елімізде қазір өз тілін түсінбейтін бірде бір қазақ жоқ. Олар ана тілінде сөйлей білмеуі мүмкін. Бірақ өз тілін түсінбейтіндер жоққа тән. Бұл мәселені «Хабар агенттігі» басты назарды ұстағаны жөн», - деді министр.
 
Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының депутаты Мехмет Чичек: Қазақстанның Елордасы – Астана біздің де мақтанышымыз
АСТАНА. Мамырдың 23-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Мамырдың 21-і күні Парламентте өткен «Қазіргі Қазақстан және «Еуропаға жол» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда және еліміздің бірқатар лауазым иелерімен өткізген кездесулерде Түркияның Ұлы Ұлттық Жиналысының депутаты, «Түркия-Қазақстан» ынтымақтастық жөніндегі тобының жетекшісі Мехмет Чичек
мырза Қазақстан жайлы ақжарқын пейілін білдірді.
Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастықтың келешегі туралы сенімді пікірін алға тартты. «Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Түркия туралы ой толғағанда ол екеуін екі мемлекет, бір халық деген болатын. Осы сөзі әлі есімізде. Біз халықаралық байланыстың сыртында, өте жақын халықпыз»,- деді түркиялық мейман. ҚазАқпарат Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының депутаты Мехмет Чичек мырзаның еліміз туралы айтқан ойын толық нұсқасында оқырмандар назарына ұсынып отыр.
– Қазақстан Парламентінің шақыруымен Астанаға келіп, осындай алқалы жиында сөз сөйлеудің мен үшін үлкен қуаныш және мәртебе екенін білдіргім келеді. Осы орайда, бүгінгі шараның өткізілуінде еңбек еткен барша қызметкерлерді шын көңіліммен құттықтап, осындай көлемді шаралардың дос және бауырлас Қазақстанның халықаралық мәртебесінің одан әрі көтерілуіне үлес қосып, қазіргі Қазақстанның Еуропаға жолын ашатынына шын жүректен сенетінімді айтып өткім келеді.
Қазақ деген атау азат, тәуелсіз, батыр, каһарман және өжет мағыналарын білдіреді. 1991 жылы тәуелсіздігін алған Қазақстан атына сәйкес жүргізіп отырған тәуелсіз, салмақты және батыл саясатымен әуелі халықтың әл-ауқатына мән бере отырып, барлық салада үлкен ұмтылыстар жасады. Қазақстанның жетістіктері мен осы бағытта жасаған батыл қадамдарын біз де барлық халықаралық қоғаммен бірге мақтанышпен қадағалап отырамыз.
Қазақстан 2000 жылдан бері ел дәулетін жыл сайын орташа 10 пайызға арттыра білді. Егемендігін алған соң жүзеге асырған экономикалық реформалары кезінде алған жемісті нәтижелерінің арқасында едәуір шетелдік инвестицияны өзіне тарта білді. Орталық Азияның жетекшісі елдерінің қатарына енген Қазақстанның өзіне деген сенімділігі артты, саяси ерік пен ұлттық ресурстарды халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында жұмсай білді. Соның нәтижесінде өзге елдер тарапынан лайықты оң бағаға ие болды.
Халықаралық Қаржы қоры тарапынан нарықтық экономикасы бар елдер қатарынан орын тепкен Қазақстанның осы аймаққа құйылған инвестицияның 75 пайызына ие болуы елдің әлеуетін көрсетеді. Әлемде жалғасып жатқан экономикалық дағдарыс, әрине, Қазақстанға да әсерін тигізді. Алайда, мен Қазақстанның бұл кезеңді жеңіп шығатынына және қайтадан жедел даму жолына түсетініне сенімдімін.
Қазақстан экономикалық саясаттағы көреген қадамдары арқылы белсенді және бір қалыпты сыртқы саясатымен аймақтағы басымдылығын көрсетті. 2008-2009 жылдары Азиядағы ынтымақтастық диалогына жетекшілік жасап, ал 2010 жылы Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына, 2011 жылы Ислам конференциясы ұйымына төрағалық ететін және басқа да халықаралық ұйымдарда үлкен беделге ие болған Қазақстан халықаралық геополитикалық күштер тарапынан да мойындалуда.
Қазақстанның алдымыздағы он жыл ішіндегі жаңа даму стратегиясы белгіленген және осы бағытта бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылуды мақсат ететін «Қазақстан 2030» стратегиясы шеңберінде қабылданған «Еуропаға жол» бағдарламасы қабылданған. Бұл Қазақстанның Еуропамен қарым-қатынасының ең жоғарғы деңгейге шығуына, экономикалық, саяси, мәдени салаларда және демократиялық жүзеге асыруларда Еуропаның бір бөлігі болуын көздейді. Және де Қазақстанның өтіп отырған жолы басқа елдер үшін де үлгі болары анық.
Қазақстанның Еуропаға жақындай түсуіне ықпал ететін «Еуропаға жол» бағдарламасына қолдау көрсетілуі қажет екені туралы бәріміз де пікір Түркия бұл бағыттағы талпыныстарды шүбәсіз қолдайды. Қазақстанның Анкарадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, қадірлі досым Бағдат Әміреев айтқандай, географиялық жағынан жерінің бестен бірі Еуропа құрлығында орналасқан Қазақстанның Еуропаға жолы, күмәнсіз Түркиядан өтеді.
Негізінде екі елдің қарым-қатынасының алған бағыты мен қазіргі кездегі деңгейіне қарағанда осыны ұғу қиын емес. Қазақстан – Түркияның Орталық Азиядағы ең үлкен серіктесі. Қазақстан мен Түркияның Елбасыларының арасындағы достық байланыс халықаралық қауым үшін үлгі болуда.
2008 жылдың қорытындысында екі елдің сауда айналымының 3,2 миллиард АҚШ доллары көлемінде болуы біз үшін қанағаттанарлық емес. Бұл көрсеткішті тағы да арттыра түсу біздің негізгі мақсаттарымыздың бірі екені анық. Түрік компанияларының Қазақстанда алған мердігерлік міндеттерінің 8,8 миллиард долларға жетуі екі ел үшін де қанағаттанарлық жағдай. Қазақстандағы түрік инвестициясының мұнайдан басқа шетелдік инвестициялар арасында бірінші орында тұруы үлкен мақтаныш. Телекоммуникация, банк және қаржы жүйесі, құрылыс, басылым, білім, транспорттау, көлік, өндіріс өнеркәсібі, мұнай және қызмет секторы сынды салаларда жұмыс жүргізіп жатқан түрік кәсіпкерлерінің бұдан да үлкен жобаларды міндеттеріне алуға деген табандылықтары бізді одан әрі үміттендіріп, келешекке сенімді қарауымызға ықпал етеді. Энергетика және транспорттау салаларында өзге де жобалардың жүзеге асырылуы осы жарасымды ынтымақтастығымызды одан әрі дамытады. Осы орайда 2008 жылғы қарашадан бері қазақ шикі мұнайының «Баку-Тибилиси-Жейһан» мұнай тасымалдау құбыры арқылы Жерорта теңізіне жетуінің маңызын айта кеткенім жөн.
кі ел арасында халықаралық ұйымдардың шатыры астында өте жемісті де жарасымды ынтымақтастық жалғасуда. Түркияның Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесіне мүшелігіне қабылдануы, Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ төрағалығына сайлануы сынды табыстарда елдеріміздің бір-бірлеріне жасаған қолдауларының да маңызы зор. Өзара жәрдемдесудің Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына үміткерлігінде де жалғасатыны сөзсіз. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨІСШК) кезең төрағалығының құрметті Президенттің ұсынысы бойынша екі жылға (2010-2012) Түркияға берілуі болса, бұл да сыртқы саясаттағы келісім мен үйлесімнің тағы бір үлгісі болып табылады. Түркі тілдес мемлекеттер басшыларының саммитінде және осы саммитке қатысты құрылымдарда құрметті Президент Н. Назарбаевтың жасаған мықты қолдауын да ерекше атап өтер едім.
Бұлардан басқа, әскери, білім және мәдени салалардағы тығыз байланыс пен ынтымақтастық күн өткен сайын артуда. Қарым-қатынастарымызды нығайту үшін бірге жүргізіп жатқан жұмыстарымыз келешекке үмітпен қарауымызды қамтамасыз етуде.
1999 жылы ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығына және Мәскеуде өткен «Мегаполис: ХХІ ғасыр» атты халықаралық форумда көптеген жүлдеге ие болған Қазақстанның Елордасы – Астана біздің де мақтанышымыз. Мұнда бірқатар түрік компаниялары екі елге де тиімді әрі жемісті қызмет етуде.
Қазіргі таңда халықаралық қауымның сыйлы мүшесіне айналған Қазақстанның және барша түркі тілділердің рухани атасы, ақсақалы болып есептелетін Қожа Ахмет Ясауидің адамдарды сабырлы және ақылды болуға шақырған үндеуін берік ұстанулары нәтижесінде барлық қиыншылықтарды жеңетіндеріне, көздеген мақсаттарына жететіндеріне және оларды жарқын болашақ күтіп тұрғанына сендіргім келеді.
Қазақстанда жүзеге асып жатқан ізгі іс-шаралар өзге елдер үшін жемісті тәжірибе болатынына тілектестігімді білдіремін, - деді Мехмет Чичек мырза.
 
Қазақстан Антарктидада өзінің ғылыми стансысын ашады
АСТАНА. Сәуірдің 30-ы. ҚазАқпарат - Қазақстан Антарктидада өзінің ғылыми стансысын ашады. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында «Қазгидрометтің» Экологиялық мониторинг ғылыми сүйемелдеу басқармасының жетекші инженерлері, Антарктида экспедициясына қатысушы Берік Баймағамбетов пен Қадырбек Бектұрсынов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
52-ші экспедиция құрамында болып қайтқан қазақстандық «Қазгидромет» мамандарының бірі Берік Баймағамбетовтың айтуынша, 1959 жылы қабылданған келісімге орай Антарктида әлем елдері үшін бейбіт мақсатта зерттеу жұмыстарын жүргізетін ортақ аймақ болып есептеледі. «Осы келісімге сәйкес Қазақстан аймақтың табиғи ерекшеліктерін жан-жақты зерттеуге мүмкіндік ала алады», - дейді ол.
Оның сөзіне қарағанда, Антарктида қазақ жерінен айтарлықтай алыс қашықтықта орналасса да, ондағы табиғи байлықтар мен зерттеу жұмыстары ауадай қажет. «Ол жерлерде әлемдегі таза судың 80 пайыз қоры бар. Ғылыми жұмыстармен шұғылдану барысында темір кені, көмір, бағалы тастар мен басқа да құнды заттар қорларының бар екендігі анықталды. Осы шикізаттарға, құрлық территориясынан Қазақтың да үлесі болу үшін бізге жеке полярлық стансы салған жөн», - деп атап көрсетті Б. Баймағамбетов.
«Бас кезінде орыстардан ресейлік стансыларды жалға алу жөніндегі ұсыныстар қарастырылды. Бірақ ол стансылардың қолайсыз жерлерде орналасқандығы және техника жабдықтарының ескіруі бұл ұсыныстан бас тартуға себеп болды. Біз өзіміз стансының салынатын жерін белгілеп, оны озық технологиялармен жабдықтауды межелеп отырмыз. Стансының құрылысы 2010 жылға жоспарлануда», -дейді «Қазгидрометтің» Экологиялық мониторинг ғылыми сүйемелдеу басқармасының жетекші инженері Қадырбек Бектұрсынов.
Инженер мамандардың айтуынша, осындай бір стансыны ұстау үшін жылына 10 млн. АҚШ долларын жұмсау керек.
 
Қазақстанның бастамасымен келер жылы ЮНЕСКО шеңберінде Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық жылы атап өтіледі
АСТАНА. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат - Қазақтың көрнекті ақыны, ЮНЕСКО-дағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Олжас Сүлейменов ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссиясы отырысының қатысушыларына ЮНЕСКО-ның Бас директоры Коитиро Мацуураның атынан құттықтау жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«К.Мацуура Қазақстан жерінде бірнеше мәрте болып, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссиясының төрағасы Иманғали Тасмағамбетовпен бірге бірқатар ұлттық-мәдени орындарды аралап көрген болатын. Келер жыл Қазақстанның бастамасы бойынша Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық жылы болмақ. Қазақстанның ұсынысын алдымен ЮНЕСКО, одан кейін БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы қолдады. ЮНЕСКО-ның Атқарушы кеңесінің соңғы жиынында бұл идеяны Ресей, АҚШ, Қытай, Бразилия, Африка елдері және көптеген басқа да елдердің делегациялары қолдады», - деді ол.
Қазір ЮНЕСКО-ның Штаб- пәтерінде аталмыш жылды атап өту мақсатында іс-шаралар жоспары пысықталып жатыр.
О.Сүлейменов Қазақстанның бұл бастамасы қазіргі уақытта аса маңызды болып табылатын - халықтардың, ұлттардың бірігуіне септігін тигізетін бірден-бір шара екенін атап өтті. Сондай-ақ ол, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссиясының өткен жылғы қаржылық қиындықтарға қарамастан атқарған жұмыстарына оң бағасын берді.
 
Алматыда Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылтайшы мемлекеттер басшыларының саммиті өтіп жатыр

АЛМАТЫ. Сәуірдің 28-і. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Халықаралық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ) құрылтайшы мемлекеттер басшыларының саммиті өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ол Президенттердің екі жақты келіссөздерімен басталды. ХАҚҚ-ның құрылтайшы мемлекеттер басшыларының ішінде Алматыға ең соңынан келген Өзбекстан Президенті Ислам Каримов болды. Халықаралық Аралды құтқару қорын құрушы мемлекеттер басшыларының саммиті бұған дейін 2002 жылы Душанбеде өткен болатын. Онда «Арал теңізі бассейнінде 2003-2010 жылдары экологиялық және әлеуметтік–экономикалық ахуалды жақсартудың нақты әрекеттері бағдарламасының негізгі бағыттары» бекітілді. Алматыдағы осы Саммитті өткізу туралы келісім Орталық Азия елдері басшыларының 2008 жылы қазанның 10-ы күні Бішкекте өткен кездесуінде жасалды. Бұл алқалы жиын кезінде ХАҚҚ-ның жаңа жарғылық органының құрамы – Басқармасы, Атқару комитеті мен Тексеру комиссиясын құру, халықаралық ұйымдармен, қаржылық құрылымдармен және донорлармен ынтымақтастықты белсенді ету мәселелері талқыланбақ. Саммит соңында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан республикаларының Президенттері сондай-ақ, бірлескен мәлімдемеге қол қояды деп жоспарланып отыр.
Жалпы Халықаралық Аралды құтқару қоры 1993 жылы құрылған болатын. Мақсат – әлемдік қоғамдастық тарапынан ХХ ғасырдағы ірі апаттардың бірі деп мойындалған Арал теңізі бассейнінде әлеуметтік- экономикалық ахуалды жақсарту және экологиялық дағдарысты еңсеру. Бұл қордың Президенттері 1993-1997 жылдары Нұрсұлтан Назарбаев, 1997-1999 жылдары Ислам Каримов, 1999-2001 жылдары Сапармұрат Ниязов, 2002-2008 жылдары Эмомали Рахмонов болды. 2008 жылғы тамыздың 25-індегі ХАҚҰ құрушы мемлекеттер басшыларының шешіміне сәйкес оған 2009-2011 жылдары Қазақстан төрағалық етеді.

 
<< Başlat < Önceki 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Sonraki > Son >>

Sayfa 3 > 16
  TKA 2008