TR  |  EN  |  RU
turkey turkey   azerbaijan kazakhstan kyrgyzstan turkmenistan uzbekistan kktc qha TAT BAŞQ
Ana Sayfa
Birlik Hakkında
Üye Haber Ajansları
Bildiri
Başkanın Mesajı
Tüzük
Haberler



Әлемдік және дәстүрлі діндер съезіне 60-тан астам делегация қатыспақ
АСТАНА. Маусымның 22-сі. ҚазАқпарат  - Шілденің 1-2-сі күндері Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының III съезіне діни және халықаралық ұйымдардың 60-тан астам делегациялары қатысады.
 Бұл туралы бүгін өткен апталық брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
 Оның айтуынша, Съезге қатысатын делегациялардың құрамында БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЮНЕСКО және басқа да халықаралық ұйымдардың  өкілдері бар. Съезд барысында Ислам діні тарапынан Мысыр, Үндістан, Индонезия, Иран, Түркия, Ливия, БАӘ, Кувейт, Қытай, Ресей, Қырғызстан, АҚШ, Сауд Арабиясы және Пәкістан елдерінен Әл-Азхар университетінің Жоғарғы имамы Шейх Мұхаммед Саид Тантауи, Бүкіләлемдік Ислам Лигасының Бас хатшысы Шейх Абдалла Бен Абдель Мухсин Ат-Турки және Бүкіләлемдік Исламды уағыздау қауымдастығының Бас хатшысы Мұхаммед Ахмад аш-Шариф сынды белгілі діни тұлғалар қатысады деп жоспарлануда. Христиан конфессиясынан римдік - католиктік, орыс православтық, англикандық, константинопольдік православие, румындық православие және армяндық апостолдық шіркеу, Бүкіләлемдік лютерандық федерация өкілдері қатысуға ниетті екендіктерін білдірді. Ватиканнан дінаралық сұхбат жөніндегі Папа кеңесінің президенті, кардинал Жан Луи Торан, ағылшын шіркеуінен епископ Николас Бэйнс, Константинополь шіркеуінен Франция митрополиті Эммануель, лютерандық федерациядан Бүкіләлемдік лютерандық одақтың Бас хатшысы доктор Ишмаел Ноко бастаған делегациялар қатысады. Иудаизм делегацияларын Израильдің Ашкеназилік Бас раввині Иона Мецгер және Израильдің Бас сефард раввині Шломо Амар бастап келмек. Сонымен қатар Съезд жұмысына Қытай Халық Республикасы, Моңғолия, Жапония, Таиланд және Оңтүстік Корея елдерінен 5 будда дінінің өкілдері қатыспақ.
Делегацияларды дәстүрлі діндердегі синтоизм атынан  жапондық Синтоистік шіркеу қауымдастығының вице-президенті Цунекиё Танака, индуизмді - Индология және дінаралық сұхбатты зерттеу институтының төрағасы Шантилал Сомайя, даосизмді - қытайлық Даосизм қауымдастығының төрағасы Жэнь Фажун, ал зороастризмді  Бүкіләлемдік заратуштра мәдени мұрасы кеңесінің президенті Хоми Буржор Дхалла бастап келмек.
Съезге құрметті қонақ ретінде белгілі саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері шақырылып отыр. Олардың ішінде БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Еуропа бөлімінің Бас директоры Сергей Орджоникидзе, ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо, Норвегияның бұрынғы Премьер-Министрі Кьелль Бондевик, БҰҰ Өркениеттер алянсы хатшылығының директоры Марк Шойер және тағы басқа лауазымды тұлғалар бар.
Съездің бірінші күні «Өзара құрмет пен ынтымақтастық және толеранттылық негізіндегі әлемді құрудағы діни көшбасшылардың ролі» атты пленарлық отырыс өтеді. Ал келесі күні іс-шара «Өнегелік және діни құндылықтар», «Сұхбат және ынтымақтастық», «Пікірлестік әсіресе, дағдарыс кезінде» атты үш бөлім бойынша жалғасады.
Форум қорытындысы бойынша III съезд қатысушыларының үндеуі қабылданбақ.
Съез аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік діндер көшбасшыларымен және құрметті қонақтармен бірқатар кездесулер өткізбек.
 
  TKA 2008