2

Тәжікстан Қазақстаннан өтеусіз негізде әскери-техникалық көмек алады

НҰР-СҰЛТАН, 25 қараша 2021 (ҚазАқпарат) – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан Үкіметі мен Тәжікстан Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісім 2021 жылғы 17 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында жасалған.

«Келісім тәжік тарапына әскери мүлікті, атап айтқанда, оқ-дәрілерді бір рет беруді көздейді. Қазақстан тарапы әскери мүлікті Жамбыл облысының Отар станциясынан Тәжікстан Республикасының аумағына дейін («Рохати» станциясы, Душанбе қаласы) теміржол көлігімен жеткізуді қамтамасыз етіп, оған байланысты барлық шығысты өзі көтереді», – деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Руслан Шпекбаев.

Оның айтуынша, Тәжікстан жағы Қазақстаннан алған әскери мүлікті, оны пайдалану құқығын үшінші тарапқа бермейді.

«Әскери мүлікті Тәжікстанға беру Қазақстанның жауынгерлік әзірлігі мен қоғаныс қабілетіне ықпал етпейтінін атап өту қажет», – деді Р. Шпекбаев.

Мұнымен қоса, бүгін сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы тәжік-ауған шекарасына іргелес аудандарда қауіпсіздікті қамтамасыз етуде әскери-техникалық жәрдем көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңды қабылдады.

Аталған келісім 2021 жылғы 12 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында жасалды.

«Келісімге сәйкес Тәжікстан тарапы Қазақстаннан берілетін әскери мүлікті тек тәжік-ауған шекарасына іргелес аудандарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қолдануға және оларды үшінші тарапқа бермеуге міндеттенеді», – деді Руслан Шпекбаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды.


Автор: Руслан Ғаббасов

Bu makaleyi paylaş

Share on facebook
Share on google
Share on twitter
Share on linkedin
Share on pinterest
Share on print
Share on email