logo_kazinform_130814

Қазақстан Антарктидада өзінің ғылыми стансысын ашады

АСТАНА. Сәуірдің 30-ы. ҚазАқпарат – Қазақстан Антарктидада өзінің ғылыми стансысын ашады. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында «Қазгидрометтің» Экологиялық мониторинг ғылыми сүйемелдеу басқармасының жетекші инженерлері, Антарктида экспедициясына қатысушы Берік Баймағамбетов пен Қадырбек Бектұрсынов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
52-ші экспедиция құрамында болып қайтқан қазақстандық «Қазгидромет» мамандарының бірі Берік Баймағамбетовтың айтуынша, 1959 жылы қабылданған келісімге орай Антарктида әлем елдері үшін бейбіт мақсатта зерттеу жұмыстарын жүргізетін ортақ аймақ болып есептеледі. «Осы келісімге сәйкес Қазақстан аймақтың табиғи ерекшеліктерін жан-жақты зерттеуге мүмкіндік ала алады», – дейді ол.
Оның сөзіне қарағанда, Антарктида қазақ жерінен айтарлықтай алыс қашықтықта орналасса да, ондағы табиғи байлықтар мен зерттеу жұмыстары ауадай қажет. «Ол жерлерде әлемдегі таза судың 80 пайыз қоры бар. Ғылыми жұмыстармен шұғылдану барысында темір кені, көмір, бағалы тастар мен басқа да құнды заттар қорларының бар екендігі анықталды. Осы шикізаттарға, құрлық территориясынан Қазақтың да үлесі болу үшін бізге жеке полярлық стансы салған жөн», – деп атап көрсетті Б. Баймағамбетов.
«Бас кезінде орыстардан ресейлік стансыларды жалға алу жөніндегі ұсыныстар қарастырылды. Бірақ ол стансылардың қолайсыз жерлерде орналасқандығы және техника жабдықтарының ескіруі бұл ұсыныстан бас тартуға себеп болды. Біз өзіміз стансының салынатын жерін белгілеп, оны озық технологиялармен жабдықтауды межелеп отырмыз. Стансының құрылысы 2010 жылға жоспарлануда», -дейді «Қазгидрометтің» Экологиялық мониторинг ғылыми сүйемелдеу басқармасының жетекші инженері Қадырбек Бектұрсынов.
Инженер мамандардың айтуынша, осындай бір стансыны ұстау үшін жылына 10 млн. АҚШ долларын жұмсау керек.

Bu makaleyi paylaş

Share on facebook
Share on google
Share on twitter
Share on linkedin
Share on pinterest
Share on print
Share on email