Kategoriler
Kazinform

Әміре Азияның ірі ән фестивалінде Қазақстан намысын қорғауда

НҰР-СҰЛТАН, 18 қараша 2021 (ҚазАқпарат) – Биыл халықаралық ABU TV Song Festival ән фестиваліне Қазақстанның атынан «Славян базары» байқауының жеңімпазы, «Әміре» деген лақап атымен танымал болған әнші Ернар Садырбаев қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Хабар» Агенттігіне сілтеме жасап.

Жоба «Хабар» Агенттігі мүше болып табылатын Азия-Тынық мұхиты хабар тарату Кеңесінің Бас Ассамблеясы аясында бүгін, 18 қараша күні онлайн-форматта өтіп жатыр. Фестивальге 12 елдің өкілі қатысуда.

2019 жылы Жапонияда өткен ABU TV Song Festival ән фестиваліне Димаш Құдайберген қатысып, өз өнерімен көпшілікті тамсандырған болатын. Әміренің халықаралық ән фестивалінде таныстыратын «Өмір – теңіз» әнінің жаңа бейнебаяны әлемге аты шыққан Шарын шатқалында түсірілді. Туындының концепциясы өзінің терең мағынасы мен философиялық мәні жағынан көрерменге ой салары анық.

Ол туралы жоба продюсері Бақытгүл Төрехан: «Мұндағы режиссердің ойы ол қазіргі кездегі індетпен адамның қиын сәттері. Кез-келген адам қиын сәттерде өзгемен емес, өзімен-өзі күреседі. Арпалыс кезінде біреулер қиындыққа төзе алмай жатса, енді бірі керсінше барлығын жеңіп шығады. Басты кейіпкеріміз өзінің жігерлігінің, еңбекқорлығының арқасында індет пен қиындықтарды артта қалдырып жоғары шығады», – деді.Сонымен қоса, «Хабар» Агенттігінің бастамасымен Әміренің жаңа «Өмір – теңіз» әні Еуропалық хабар тарату одағы Еуропалық Музыкалық Ән жинағының бесінші шығарылымына енетін болды. Жоба аясында қатысушылар еуропалық танымал орындаушыларымен бірлесіп ортақ әлеуметтік тақырыптағы музыкалық жинақ шығарады. Биылғы ән жинағы COVID-19 пандемиясы салдарынан музыканың әсерлі ықпалымен шығу, әлемнің қалыпты өмір салтын қалпына келтіруде оптимистік жігер сыйлауға арналған.

Kategoriler
Kazinform

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: Оралда дзюдодан Қазақстан чемпионаты өтеді

ОРАЛ, 18 қараша 2021 (ҚазАқпарат) – Орал қаласындағы теннис орталығында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 19-21 қараша күндері ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан чемпионаты өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Житкеевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, аталмыш додаға еліміздің барлық өңірлерінен 350-дей спортшы қатыспақшы.

«Бұл чемпионаттың маңыздылығы сол, ол Токио олимпиадасына кейін өткелі отыр. Бірқатар дзюдошылар басқа салмақ дәрежелеріне ауысса, кейбіреулері спорттық жолын аяқтап жатыр. Сондықтан осы біріншілікте жаңа есімдер жарқ етеді деп сенеміз. Батыс Қазақстан облысынан да әлем чемпионатына қатысқан Аңсарбек Ғайнуллин, Қазақстан спартакиадасының жеңімпазы Тоқтар Үмітәлиев секілді спортшылар бар. Оралда ел чемпионаты 2000 жылдан бері өтпеген екен. Осы біріншіліктен кейін Қазақстан ұлттық

құрамасы жасақталатын болады», деді А.Житкеев.

Брифинг барысында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров, БҚО дзюдо федерациясының президенті Рустам Шайхиев соңғы

жылдары өңірде дзюдо спортының дамуына жақсы жағдай жасалып отырғанын, айрықша үміт күтетін балуандардың бар екендігін атап өтті.

Айта кетейік, аталмыш спорт түрімен облыста 4 мыңға жуық спортшы айналысады. Олармен 71 жаттықтырушы-оқытушы жұмыс жасайды. Аңсарбек Ғайнуллин, Тоқтар Үмітәлиев,

Темірлан Көлбай, Нұрсұлтан Зайзағалиев, Карина Такиева сынды спортшылар дүбірлі додаларда ел намысын абыроймен қорғап келеді.


Автор: Елжан Ералы

Kategoriler
Kazinform

Әсет Ерғалиев 2023 жылы ел экономикасы өседі деп болжам жасады

НҰР-СҰЛТАН, 18 қараша 2021 (ҚазАқпарат) – 2022 жылы еліміздің жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 3,9 пайыз деңгейінде болжануда. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылғы жалпы ішкі өнім бойынша есептік статистика деректері және экономика дамуының осы жылдың қаңтар-шілде айларындағы қорытындылары мен Халықаралық қаржы ұйымдарының әлемдік экономиканың өсуі бойынша жаңартылған болжамдарын ескере отырып қалыптастырылды. Келесі жылы әлемдік экономика – 4,9 пайызға, 2023 жылы 3,5 пайызға өседі деп күтілуде. Халықаралық қаржы ұйымдарының консенсус-болжамы бойынша келесі жылы мұнайдың бағасы барреліне 64,5 доллар, ал 2023 жылы – 58 доллар деңгейінде болады», – деді «Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы» және «Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасы туралы баяндаған министр.

Оның атап өтуінше, болжам пандемиядан кейінгі қалпына келтірудің жаһандық үрдістерін ескере отырып әзірленді.

«Қазақстанның негізгі сауда әріптестерінің экономикасының белселділігі байқалып отыр. Әлеуметтік-экономикалық дамудың болжамында әлемдік тауарлар нарығындағы бағаның құбылмалығы, халықаралық сауда және инвестициялық трендтер есепке алынды. Осы жағдайларды ескере отырып, макроэкономикалық көрсеткіштер болжамы консервативті тәсілде қалыптасты. Бюджетті жоспарлауға негіз ретінде базалық сценарий алынды. Оған сәйкес мұнай бағасы барреліне 60 доллар деп болжанып отыр. 2022 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 3,9 пайыз деңгейінде болжануда. Бұл көрсеткіш 2026 жылы 5,2 пайызға дейін жетеді. Бес жыл аралығында жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық өсу қарқыны 4,8 пайызды құрайды», – деді Әсет Ерғалиев.

Автор: Марлан Жиембай

Kategoriler
Kazinform

Бүгін тарихи күн – Ұлы көшке 30 жыл

НҰР-СҰЛТАН, 18 қараша 2021 (ҚазАқпарат) – 1991 жылдың 18 қарашасында шетелдегі этникалық қазақтарды Қазақстанға көшіру туралы ҚазССР Үкіметінің қаулысы қабылданған болатын. Бүгін сол тарихи шешім шыққан күнге 30 жыл толып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Күні кешегі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке ұлы көш датасын күнтізбеге енгізуді тапсырған болатын.

«Ұлы көш 1991 жылы басталды. Бұған Елбасының тапсырмасымен Қазақ КСР Министрлер кабинеті қабылдаған №711 қаулы ресми түрде жол ашты. Бұл құжат 1991 жылғы 18 қарашада қабылданды. Көп ұзамай Елбасы «Алыста жүрген ағайынға ақ тілек» атты Жолдауын жариялап, шеттегі қандастарымызды елге шақырды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев сол шарада.

Мемлекет басшысының мәліметі бойынша, содан бері 1,5 миллионнан астам қазақ тарихи отанына қоныс аударған.

«Бүгінде олар егемен елімізді өркендетуге өз үлесін қосуда. Солардың ішінде Ауыт Мұқибек және тағы басқа қоғам қайраткерлері Ұлы көштің тарихи рөлін ескеріп, арнайы күн белгілеу қажеттігін айтып жүр. Үкіметке осы тарихи датаны атаулы күндер күнтізбесіне қосу мәселесін жан-жақты қарастырып, тиісті ұсыныс енгізуді тапсырамын», – деді Президент.

Айтулы күннің ресми күнтізбеге енуіне бастамашы болғандардың бірі, қоғам қайраткері Ауыт Мұқибек бұл күнді : «18 қараша – қандастарымыздың тағдыры шешілген күн» деп айрықша әспеттейді.

«Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылғы 18 қарашада Қазақ КСР Министрлер кабинетіне «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-інде қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» №711 қаулы шығартып, алыс-жақын шетелдердегі қандастарымызды Тәуелсіз Қазақстанға шақыруды қолға алды. Ерекше атап өтерлігі – сол №711 Қаулы еліміз тәуелсіздігін жариялаудан бұрын қабылданғандығымен өте құнды әрі ерекше саяси маңызға ие. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында 18 қарашаны «Ұлттық көші-қон күні» деген атпен кәсіби мерекелер мен атаулы күндердің тізбесіне енгізуді сұрап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жазған едім. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сол өтінішімізді ескеріп, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысында «Үкіметке осы тарихи датаны атаулы күндер тізбесіне қосу мәселесін жан-жақты қарастырып, тиісті ұсыныс енгізуді тапсырды», – дейді Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі.

Қоғам белсендісі 1997 жылғы «Халықтың көші-қоны туралы» заң осы №711 қаулының негізінде қабылданғанын айтады.

«Мемлекттік көші-қон саясаты қалыптасып, жыл өткен сайын кемелденіп келеді. Қазақстан шеттегі өз қандастарын Отанына шақырып отырған әлемдегі санаулы ғана мемлекеттердің бірі болды. Бұл күн – Еліміз үшін де, Тәуелсіздік жылдары шекара асып келіп ата жұртына қоныстанған қандастарымыз үшін де, Отанға оралудың сәт-сағатын күтіп отырған алыстағы ағайындар үшін де Ұлы мереке», – дейді ол.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 86 мың 200 этникалық қазақ оралған.

Ал биылғы жылдың басынан 1 қарашаға дейін 15 903 адам тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алған. Биыл келген этникалық қазақтардың 76,3%-ы Өзбекстаннан, 9,5%-ы Қытайдан, 6,1%-ы Түрікменстаннан, 2,5%-ы Моңғолиядан және 5,5%-ы басқа елдерден қоныс аударған.

Өзі мен ұрпағының тағдырын Атажұртпен байланыстырған шеттегі қазақтардың 28,3%-ы Алматы облысына, 13,4%-ы Түркістан облысына, 19,1%-ы Маңғыстау өңіріне, 8%-ы Жамбыл облысына, 10,5%-ы Шымкент қаласына қоныстанған. Аталған контингенттің 55%-ы еңбекке қабілетті жаста болса, 28,1%-ы кәмелетке болмаған. Қалған 16,8%-ы зейнет жасында.

«Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының «Қандастарды қолдау» департаментінің басқарушы директоры Гүлмира Нұрбаеваның сөзіне қарағанда, 30 жылдың ішінде қандастарды құжаттандыру мәселесі нақты жолға қойылған.

«Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен «Қандас» мәртебесін алудан бастап азаматтық алғанға дейінгі қызметтерді «Бір терезе» қағидатына сәйкес оңтайландыру жұмыстары жүргізілген болатын. Бүгінде, «Бір терезе» қағидаты бойынша қандастарға арналған барлық мемлекеттік қызметтер оңтайландырылып, «Халыққа қызмет көрсету орталықтары» арқылы жүзеге асып жатыр. Интеграциялық жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан Республикасы азаматтығын алғанға дейінгі рәсімдерге қандастар тапсыратын құжаттар саны 46-дан 16 құжатқа азайып, оны қарау мерзімі 6 айдан 3 айға қысқарды», – дейді «Отандастар қорының» өкілі.


Автор: Есімжан Нақтыбай

Kategoriler
Kazinform

Елімізде коронавирусқа қарсы вакцина алғандар саны 8,5 миллионнан асты

НҰР-СҰЛТАН, 18 қараша 2021 (ҚазАқпарат) – Денсаулық сақтау министрлігі коронавирусқа қарсы екпе алғандар туралы соңғы мәліметті ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2021 жылғы 18 қарашада Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның бірінші компонентін 8 597 897 адам алды.

Ал екпенің екінші компонентін салдырғандар саны – 7 884 832 адам.

Елімізде коронавирусқа қарсы вакцина алғандар саны 8,5 миллионнан асты
Kategoriler
Kazinform

Түрік телеарнасы «Томирис» фильмінің желісі бойынша сериал түсіреді

НҰР-СҰЛТАН, 17 қараша 2021 (ҚазАқпарат) – Қазақстан мен Түркия «Қазақфильм» киностудиясы Sataifilm компаниясымен бірлесіп түсірген, режиссер Ақан Сатаевтың «Томирис» фильмінің негізінде бірлескен тарихи сериал түсірмекші. Жобаны Түркияның жетекші телеарнасы TRT телерадиокорпорациясы жүзеге асырмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың жақында Ыстанбұлда өткен Korkut Ata Turkic World Film Festival түрік арнасының өкілдерімен кездесуінен кейін белгілі болды.

Аталған басқосуға «Қазақфильм» киностудиясының басшылығы – президенті Ақан Сатаев пен вице-президент Айдар Баталов та қатысты.

Айта кетейік, «Қорқыт ата» фестивалінің шымылдығын ашқан «Томирис» фильмі түрік жұртшылығына жақсы таныс.

Қыркүйек айында массагеттер ханшайымы туралы кинотуынды Түркияда 200-ден астам кинотеатрында көрсетіліп, көрерменнің үлкен қызығушылығын тудырды.

Сонымен қатар, фестиваль барысында түркі әлемі елдерінің кинематография саласындағы ынтымақтастығын дамытуға тың серпін беретін маңызды құжатқа қол қойылды.

Келісімге ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Әзірбайжан Республикасының мәдениет министрі Анар Керимов, Қырғыз Республикасы Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Азамат Жаманқұлов, «Өзбеккино» ұлттық агенттігінің бас директоры Фирдавс Абдухаликов және Түркияның мәдениет және туризм министрі Мехмет Ерсой қол қойды.

Құжат аясында тараптар түркі әлемінің киноиндустриясын қолдауға бағытталған бірлескен қор құруға келісті.

Сондай-ақ, фестиваль аясында Ақтоты Райымқұлова «Қазақфильм» киностудиясының басшылығымен бірге белгілі түрік кинематографистерімен және фестиваль қатысушыларымен бірқатар кездесулер өткізіп, бірлескен киножобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Естеріңізге сала кетейік, биыл Түркияның мәдениет және туризм министрлігі алғаш рет ұйымдастырған Korkut Ata Turkic World Film Festival кинофестиваліне 13 елден 42 кинокартина қатысты.

Байқау бағдарламасында «Қазақфильмнің» туындылары, оның ішінде режиссер Рүстем Әбдірашовтің «Қазақ хандығы. Алтын тақ» тарихи фильмі, режиссер Бақыт Қайырбековтің «Огонь, мерцающий в сосуде» деректі фильмі, режиссер Адай Әбелдиновтің «Күлтегін» толықметражды анимациялық фильмі, режиссер Сатыбалды Нарымбетовтің «Аманат» кинотуындысы және басқалар көрсетілді.

Фестивальдің салтанатты жабылу рәсімі кезінде «Қазақфильм» киностудиясы Түркі әлемі кинематографиясына қосқан үлесі үшін арнайы сыйлықпен марапатталды.

Киностудия президенті Ақан Сатаевқа Respect Award атты жүлдені белгілі түрік актрисасы Фахрие Эвджен табыстады.

Келесі жылы аталған фестиваль Түркияның Бурса қаласында өтеді. Ал 2024 жылы оны Қазақстанда өткізу жоспарланып отыр.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова фестиваль түркі тілдес елдердің рухани астанасы – Түркістанда өткізілуі мүмкін екенін атап өтті.

Kategoriler
Kazinform

Азия мен Еуропа Парламентінің өкілдері бүгінгі қауіп-қатерлерге бірге ықпал етуге уағдаласты

НҰР-СҰЛТАН. ПНОМПЕНЬ, 17 қараша 2021 (ҚазАқпарат) – «Азия-Еуропа» форумы Парламентінің делегаттары пандемия кезінде бейбітшілік пен тұрақталық үшін ынтымақтастықты нығайту жолдарын талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Камбоджа парламентінің екі палатасы басшыларының төрағалығымен сейсенбі күні онлайн режимде өткен мәжіліске ұйымға мүше 30 мемлекет пен «Азия-Еуропа» форумының мүшелері мен серіктестері қатысты.

Қазақстан тарапынан кездесуде Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің басшысы Айгүл Құспан өкілдік етті.

Камбоджа Ұлттық ассамблеясының төрағасы Хенг Самрин өз сөзінде Азия мен Еуропаның әлі де жаңа сын-тегеуріндерге тап болып отырғанын және олардың адамдардың өмірі мен сеніміне ықпал ететінін атап өтті.

«Коронавирус пандемиясы тудырған қиындықтардан соң екі құрлық қауіпсіздік, терроризм, технология мен сауда саласындағы бәсекелестік, климаттың өзгеруі, табиғи ресурстарды қорғау, әлеуметтік және гендерлік теңсіздік сияқты үлкен проблемалармен бетпе-бет келді»,-деді Хенг Самрин.

Оның пікірінше, «Азия Еуропа» парламенттік серіктестігі бейбітшілік, қауіпсіздік, гүлдену мен тұрақты даму жолындағы ортақ міндеттерді шешу бағытында бірігуге мүмкіндік тудырып отыр.

Өз кезегінде Айгүл Құспан форум қатысушыларының назарын әлі күнге дейін жалғасып келе жатқан пандемиядан туындаған қауіп-қатерлермен күреске Азия мен Еуропаның күшін біріктіру қажеттігіне аударды.

«Әлемдегі жағдай өзін-өзі оқшаулау тәсілі ұзаққа дейін бармайтынын көрсетті. Біз бүгін Азия мен Еуропа арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың осы күнгі үлгісінің өзгеріп, жаңа блоктардың құрылып жатқанының куәсі болып отырмыз»,-деп мәлім етті қазақстандық депутат.

Бүгіні таңда Евразиядағы елдердің барлығы өздерінің бизнестерінің жаңа нарықтарға кедергісіз шығу мүмкіндігін кеңейткелі отыр. Алайда вакцинация сертификаттарын өзара мойындау мәселесінің шешілмеуі халықаралық сауданы айтарлықтай қиындатып отыр.

«Халықаралық бизнес пен туризмнің пандемия салдарынан сауығуына көмектесу үшін вакцинация сетификаттарын өзара мойындау ісін ынталандырудың маңызы зор»,-деді Айгүл Құспан.

Азия мен Еуропа мемлекеттерінің көпшілігінің экономикасының қозғаушы күші саналатын туризм секторына пандемияның тигізген зардабы аз болған жоқ. Сол себепті «Азия мен Еуропа» форумы парламентінің өкілдері өзінің декларациясында әлемдік қауымдастықты туризмді қалпына келтіруге барынша күш салуға шақырды.

Айгүл Құспан сонымен қатар қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге дер кезінде әрі талапқа сай әрекет етіп, әлемдік қауымдастықты тұрақты дамыту бағытында жаңа тәсілдерді ойлап табуды көздейтін халықаралық қауіпсіздік жүйесін трансформациялау процестері туралы айтты.

«Қазақстан төрағалық етіп, Женевада алдағы уақытта өтетін ДСҰ-ның министрліктер конференциясы әлемдік қауымдастықтың сауда-экономикалық синергиясын жүзеге асыруда маңызды кезең болады»,-деп нық сеніммен айтты Мәжіліс депутаты.

Кездесу аясында парламент өкілдері бейбітшілік, қауіпсіздік пен дамуды ілгерілетуде парламенттік дипломатияның өзектілігін растай отырып, коронавирус пандемиясынан кейінгі әлеуметтік-экономикалық қалпына келтіру мәселелерін талқылады. Олардың ішінде цифрлық экономика, инклюзивті өсім мен даму, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелері де бар.

Тимур Дүйсекеев
Перевод: Айдар Оспаналиев

Kategoriler
Kazinform

Қасым-Жомарт Тоқаев Қалмақ Республикасының басшысы Бату Хасиковты қабылдады

НҰР-СҰЛТАН, 16 қараша 2021 (ҚазАқпарат) – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қалмақ Республикасының басшысы Бату Хасиковты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бату Хасиков Қазақстан аймақтарының Қалмақ Республикасымен өзара ықпалдастығын дамыту мәселелерін талқылады.

Сондай-ақ сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, экологиялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты жандандыру мүмкіндіктері қарастырылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бату Хасиковтың Республика басшысы лауазымында табысқа жете беруіне тілектестік білдірді.

Kategoriler
Kazinform

Мемлекет басшысы «ЛУКОЙЛ» мұнай компаниясының президентін қабылдады

НҰР-СҰЛТАН, 16 қараша 2021 (ҚазАқпарат) – Мемлекет басшысы «ЛУКОЙЛ» мұнай компаниясының президенті Вагит Алекперовті қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

Президентке көмірсутегі секторындағы бірқатар бірлескен жобаның жүзеге асырылуы жөнінде мәлімет берілді. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаевқа Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі ірі «Қаламқас-теңіз» жобасының негізгі қағидаттары туралы келісімге «ҚазМұнайГаз» бен «Лукойл» компанияларының қол қойғаны, сондай-ақ «Хвалынское» кен орнының игерілуі жөнінде айтылды.

Қазақстан Президенті еліміздің «Лукойл» компаниясымен серіктестігінің даму барысына көңілі толатынын атап өтті.

Kategoriler
Kazinform

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясы Үкіметінің делегациясын қабылдады

НҰР-СҰЛТАН, 16 қараша 2021 (ҚазАқпарат) – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий құбыр желісі консорциумының 25 жылдығына арналған салтанатты жиын аясында Ресей Федерациясы Үкіметі делегациясының құрамындағы Ресей Үкіметі төрағасының орынбасарлары Александр Новак пен Алексей Оверчукті қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

Кездесу барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық және отын-энергетикалық қатынастарды нығайтудың перспективалары, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ықпалдастық мәселелері талқыланды. Сонымен қатар жасыл энергетика, атом өнеркәсібі, көлік және логистика салаларын дамытуға, вакцинация паспорттарын өзара мойындауға қатысты екіжақты ынтымақтастықтың өзекті проблемалары қарастырылды.