Kategoriler
Kazinform

Қазақстандық оқушылар химия пәнінен халықаралық олимпиадада төрт медаль ұтып алды

НҰР-СҰЛТАН, 3 тамыз 2021 (ҚазАқпарат) – Қазақстандық оқушылар Химия пәнінен өткен халықаралық Олимпиадада (IChO-2021) 4 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.

Ұлттық құраманың қоржынында үш күміс және бір қола бар. Олимпиада Жапонияның Осака қаласында 24 шілде мен 2 тамыз аралығында онлайн форматта өтті. Зияткерлік жарысқа әлемнің 79 елінен 312 оқушы қатысты.

Қазақстанның атынан Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды және Павлодар қаласынан төрт оқушы, яғни республикалық пәндік олимпиаданың жеңімпаздары қатысты. Ұлттық құраманы жарысқа тәжірибелі педагогтер мен жаттықтырушылар дайындады.

Теориялық тапсырмаларды жоғары деңгейде орындаған қазақстандық қатысушылардың барлығы жүлдегер атанды:

Қайырбек Хайдар,

Бисенали Санжар,

Қасымали Мадияр,

Тұрыспекова Әйгерім.

Ұлттық құрама мүшелері оқу-жаттығу жиындары кезінде сапалы жұмыс жүргізген мұғалімдер мен жаттықтырушыларға алғыс білдірді.

«Барлық қатысушылар химия пәнінен ең маңызды олимпиадаға мұқият дайындалды. Біздің күш-жігеріміздің ақталғанына қуанышымыз шексіз. Жоғары деңгейде өтіп жатқан ауқымды жарыс болғандықтан, тапсырмалар да қиын болды. Бірақ біздің құрама оған дайын еді. 3 күміс және 1 қола медаль жеңіп алдық. Бізді әрдайым қолдайтын жаттықтырушыларымызға, мұғалімдеріміз бен ата-аналарымызға алғысымыз шексіз», – деді күміс медаль иегері Қайырбек Хайдар.

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook парақшасында барлық қатысушыларды жеңістерімен құттықтады.

«Олимпиадаға қатысушыларды жоғары жетістіктермен құттықтаймын! Сіздер дайындықтарыңыздың мықты екенін көрсеттіңіздер. Әр медаль сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен жеңіске деген ұмтылыстарыңыздың нәтижесі. Сіздерге жаңа шыңдарды бағындыруда сәттілік тілеймін! Олимпиада жүлдегерлерінің ұстаздары мен жаттықтырушыларына берген білімдері үшін, ал ата-аналарына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын. Өз кезегінде, Білім және ғылым министрлігі оқушыларымыздың зияткерлік жарыстарда көшбасшылық орынға ие болуы үшін жағдай жасауды жалғастырады», – деп жазды Асхат Аймағамбетов.

ҚР Білім және ғылым министрі Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қолдау бойынша шаралар әзірлеуді тапсырғанын айтты. Осы тапсырманы іске асыру аясында министрлік бірқатар заңнамалық өзгерістер дайындады.

Kategoriler
Kazinform

Қарағанды фармацевтика кешені «Спутник V» вакцинасының 5 млн дозасын жасап шығарды

ҚАРАҒАНДЫ, 2 тамыз 2021 (ҚазАқпарат) – Қарағанды фармацевтика кешені «Спутник V» вакцинасының 5 млн дозасын шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат кешеннің Telegram парақшасына сілтеме жасап.

Қарағанды фармацевтикалық кешені ел азаматтарын вакциналау үшін «Спутник V» препаратының 5 млн дозасын жеткізу бойынша міндеттемесін уақытында орындады.

Сөйтіп коронавирусқа қарсы ресейлік ғылыми-зерттеу орталығының препаратын шығару және жеткізу бойынша жаңа міндеттеме алды.

ҚФК мен СҚ-Фармация арасында азаматтарды вакциналау үшін тағы «Спутник V» екпесінің 2 млн дозасын жеткізу туралы келісім жасалды.

Шартты орындау мерзімі – 2021 жылғы тамыз-қыркүйек айлары.

Келісімшарт талаптары бастапқы кезеңдегідей (ҚР 5 млн дозамен қамтамасыз ету) толық көлемде сақталады.

Kategoriler
Kazinform

Қазақстанда коронавирус вакцинасын 5,4 млн адам салдырды

НҰР-СҰЛТАН, 2 тамыз 2021 (ҚазАқпарат) – Елімізде коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны 5,4 млн адам салдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР денсаулық сақтау министрлігінің Telegram каналына сілтеме жасап.

«2021 жылғы 2 тамыздағы мәлімет бойынша Қазақстанда I компонентпен 5 429 636 адам вакцина салдырды, II компонентті 3 837 063 адам егілген», делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, кешегі мәлімет бойынша елімізде коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның 1 – ші компонентін 5 408 959 адам салдырған. 2 – ші компоненті егілгендер саны – 3 799 879.

Kategoriler
Kazinform

Елена Рыбакина теннистен Токио Олимпиадасының жартылай финалына шықты

НҰР-СҰЛТАН, 28 шілде 2021 (ҚазАқпарат) – Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Токио Олимпиадасының жартылай финалына жолдама алды деп хабарлайды Olympic.kz.

Ширек финалда Рыбакина испаниялық Гарбинье Мугурусамен кездескен болатын. Әлемдік рейтингте 9-шы тұрған Мугурса қазақстандық спортлшыға қарсылық таныта алмады.

Небары екі сетке созылған кездесуде Елена Рыбакина 7:5, 6:1 есебімен жеңіске жетті.

Токио Олимпиадасының финалына өту үшін Рыбакина швейцариялық Белинда Бенчичпен кездеседі.

ФОТО: Владислав Семенов, Қазақстан ҰОК

Kategoriler
Kazinform

Токио-2020: Садақ атудан Қазақстанның ерлер құрамасы командалық жарыста есе жіберді

НҰР-СҰЛТАН, 26 шілде 2021 (ҚазАқпарат) – Садақ атудан Қазақстан ерлер құрамасы Олимпиада ойындарында командалық сайыста жеңіліс тапты, деп хабарлайды Olympic.kz.

Бүгін, 26 шілде күні Токио Олимпиадасында отандық садақшылар ерлер арасында командалық сайыс бойынша бақ сынады. Үндістан құрамасына қарсы ойында Қазақстан қарсыластарына 6:2 есебімен есе жіберді.

Командалық бәсекеде ел құрама сапынан жарыс жолына Сандар Мұсаев, Ильфат Абдуллин және Денис Ганкин шықты.

Айта кетерлігі, аталған спортшылар жекелей сайыс бойынша жарысты жалғастырады. Садақ атудан жекелей жарыстың келесі айналымы 27 және 29 шілде күндері өтеді.

Kategoriler
Kazinform

Қазақстанның Тәжікстанға көмек көрсету мәселелерін екі елдің министрлері талқылады

НҰР-СҰЛТАН, 26 шілде 2021 (ҚазАқпарат) – Қазақстан мен Тәжікстанның Қорғаныс министрлері телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ҚМ сілтеме жасап.

Телефон арқылы сөйлесу барысында Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев пен Тәжікстан Республикасының Қорғаныс министрі Шерали Мирзо тәжік-ауған шекарасы ауданындағы жағдайды және қауіп-қатерлерге қарсы тұру үшін Қазақстанның Тәжікстанға көмек көрсету мәселелерін талқылады.

Қорғаныс ведомстволарының басшылары Душанбе қаласында өтетін Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттері қорғаныс министрлерінің алдағы уақытта өтетін кеңесіне байланысты мәселелерді де қозғады.

Kategoriler
Kazinform

Олимпиада ойындарына шолу: Қазақстан туын қандай спортшылар алып шықты

НҰР-СҰЛТАН, 23 шілде 2021 (ҚазАқпарат) – Бүгін Нұр-Сұлтан уақытымен 17:00 де Токио қаласындағы XXXII жазғы Олимпиаданың ашылу салтанаты өтеді. Салтанатты шеруде әлемнің 200 елінен келген 11 мыңға тарта спортшы жүріп өтеді және құрама арасында бір спортшыны елдің туымен шығару дәстүрі бар. Бұл да спортшыға артылған жауапкершілікті еселей түсетіндей көрінеді. Әр жылдары Қазақстан туын түрлі бағыттағы спортшылар көтеріп шықты. ҚазАқпарат агенттігі Қазақстан туын көтеріп шыққан ұландардың Олимпиада нәтижелеріне шолу ұсынады.

Олимпиада ойындарына шолу: Қазақстан туын қандай спортшылар алып шықты

Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде қатысқан алғашқы жазғы Олимпиадасы 1996 жылы АҚШ-тың Атланта қаласына өткен еді. Онда жамбылдық жас боксшы Ермахан Ибраимов ту алып шықты. Бұл Олимпиадада спортшы «қола» жүлде алды. Жалпы есепте Қазақстан 11 медальмен 197 ел арасында 24-орынға тұрақтады.

Олимпиада ойындарына шолу: Қазақстан туын қандай спортшылар алып шықты

4 жылдан кейін Аустралияның Сидней қаласында өткен кезекті Олимпиадада да Ермахан Ибраимов ту ұстаушы болды. Әзірге Е. Ибраимов – Қазақстанда екі Олимпиадада ту алып шыққан және екеуінде де жүлдемен оралған жалғыз спортшы. Сидней ойындарында боксшы Қазақстан қанжығасына «алтын» әкелді. Сиднейдің тағы бір чемпионы Бекзат Саттарханов екеуі бокс жұлдыздарына айналды. Қазақстан Олимпиада нәтижесі бойынша 199 мемлекет арасынан 22-орынға көтерілді.

Олимпиада ойындарына шолу: Қазақстан туын қандай спортшылар алып шықты

2004 жылғы дәстүрлі дода Олимпиада отаны – Грекияда өтті. Салтанатты ашылуда Қазақстан туын дзюдошы айбынды Асхат Жіткеев алып шықты. Одан халықтың Ермахан Ибраимовтың жолын, жеңісін күткені рас. Бұл додада А. Жіткеев 7-орын алып, жүлдеге іліге алмады. Жалпы Қазақстанның нәтижесі төмен болып, 201 елдің арасында 40-орынға бір-ақ сырғыды. Дегенмен, 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында 27 жастағы Асхат Жіткеев «күміс» жүлдеге қол жеткізді. Бұл – Қазақстанның дзюдо бағытындағы алғашқы Олимпиада медалі болды.

Олимпиада ойындарына шолу: Қазақстан туын қандай спортшылар алып шықты

2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында Қазақстан туын алып шығу мәртебесі ауыр атлетикадан Азия чемпионы Бақыт Ахметовке берілді. Бақыт Ахметов Сидней Олимпиадасында 15-ші орын, Афина Олимпиадасында – 7-орын алған еді. Бейжің ойындарында 415 келі нәтижемен 5-орын алды. Қазір Бақыт Ахметов – ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері. Оның салтанатты шерудегі ұлттық киімін танымал дизайнер, стилист Құралай Нұрқаділова тіккен еді. Қазір бұл костюм Олимпиада естелігі ретінде Бейжіңдегі музейде тұр.

Олимпиада ойындарына шолу: Қазақстан туын қандай спортшылар алып шықты

2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында еліміздің көк байрағын грек-рим күресінің балуаны, Азияның екі дүркін чемпионы Нұрмахан Тінәлиев ұстап шықты. Алайда жарыс жолын 1/8 финалдан бастаған Н. Тінәлиев швециялық Еурен Йоханнан жеңіліп қалды. 2016 жылы Рио Олимпиадасында Лондонда кеткен есені қайтарғысы келді. Дегенмен, бұл жолы сәттілік серік болмады, Н. Тінәлиев алғашқы белдесуіне неміс спортшысы Эдуард Поптаннан жеңіліп қалды. Кейінірек ол 2018 жылы Индонезияда өткен Азия ойындарында жарақатпен күресіп, екінші орын алды. 2019 жылдың қарашасында Мәскеу Гран-приінде, желтоқсанда Алматыда Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлерінен Конфедерация кубогына қатысты. Ал 2020 жылы Н. Тінәлиев Францияда грек-рим күресінен өткен Гран-при бәсекесінде «күміс» жүлде алды.

Олимпиада ойындарына шолу: Қазақстан туын қандай спортшылар алып шықты

Рио-де-Жанейро қаласында өткен ХХХІ жазғы олимпиадада 20 жастағы таеквондошы Руслан Жапаров ту ұстаушы болды. Алайда спортшы алғашқы айналымда әзербайжандық қарсыласы Радик Исаевтан 11:2 есебімен жеңілді. Жұбаныш кездесуіндегі жекпе-жекте те отандасымыз 29 жастағы оңтүстіккореялық Чха Дон Миннен жеңіліп қалды. Руслан Жапаров биыл да Токио Олимпиадасына қатысуға жолдама алды. Ол таэквондода 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде ел намысын қорғайды. 27 шілде күні алғашқы қарсыласы германиялық Александр Бахманмен боз кілемге шығады.

Олимпиада ойындарына шолу: Қазақстан туын қандай спортшылар алып шықты

Биыл Токио Олимпиадасы қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын алғаш рет екі бірдей ту ұстаушыға – жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова мен бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаевқа табыстады. Спортшылар тудың Токио төрінде жиі көтеріліп, Әнұранның шырқалуы үшін барын салуға уәде берді.

Ольга Рыпакова – Өскемен қаласының тумасы, бұған дейін үш Олимпиадаға қатысып, үшеуінен де жүлдемен оралған тәжірибелі спортшы. Ол үш қарғып секіру бойынша 2008 жылы Бейжің қаласында «күміс» медаль алған, 2012 жылы Лондонда – «алтын» және 2016 жылы Рио-де-Жанейрода – «қола» медаль алған. Одан бөлек, Ольганың еншісінде Универсиада «алтыны» және Азия ойындарының 6 алтын медалі бар. Сондай-ақ, ол әлем чемпионы және 2010 жылғы құрлықтық кубогтің иегері.

Қамшыбек Қоңқабаев – Олимпиада шаршы алаңында зор жауапкершілікке ие болған бокс құрамасының капитаны. Ол 2014 жылы әскерилер арасында өткен әлем чемпионатының жеңімпазы. Азия чемпионатының екі дүркін жеңімпазы және 2017 мен 2019 жылғы әлем чемпионаттарының күміс жүлдегері. Токио Олимпиадасы 29 жастағы қызылордалық спортшы үшін алғашқы Олимпиада ойындары болмақ.

Айта кетейік, Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты 23 маусымда Токио Олимпиада стадионында өтеді. Қазақстан құрамасында спорттың 28 түрінен Олимпиаданың 97 жолдамасы бар.

Бұған дейін ҚазАқпарат агенттігі 1996 жылдан бері Қазақстан құрамаларының Олимпиада ашылуына киген салтанатты формаларына шолу жасаған еді.


Автор:

Айжан Серікжанқызы

Kategoriler
Kazinform

Қазақстан командалары Олимпиада ойындарында қалай киінді

НҰР-СҰЛТАН, 23 шілде 2021 (ҚазАқпарат) – Бүгін Жапония астанасындағы XXXII жазғы Олимпиада салтанатты түрде ашылады. Қазақстан бұл дүбірлі додаға 1996 жылдан бері қатысып келеді және үздік нәтижемен қатар сән-салтанатты формасымен де көзге түсті. Осы орайда ҚазАқпарат агенттігі 1996 жылдан бері Қазақстан құрамаларының Олимпиада ашылуына киген салтанатты формаларына шолу ұсынады.

Айта кетейік, 1988 жылға дейін қазақ спортшылары КСРО құрамасының қатарында өнер көрсетті. Ал 1992 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарында еліміз тәуелсіздігін жариялағанымен, спортшыларымыз Біріккен команда құрамына енді. Қазақстан 1996 жылы АҚШ-тың Атланта қаласындағы жазғы Олимпиадаға тәуелсіз ел ретінде қатысты.

Қазақстан командалары Олимпиада ойындарында қалай киінді

Атланта ойындары туралы ғаламторда көп сурет сақталмаған. Мұнда Халықаралық олимпиада комитетінің YouTube-тегі ресми каналы көмекке келді. Бұл ойында Қазақстан құрамасы туымыз тәрізді көгілдір түсті костюм киген. Қазақстандық спортшы әйелдер ақ жейде, көк таспасы бар ақ қалпақ, ақ аяқ киім және алтын түймелі көк костюм киген. Ал ерлер – сары таспасы бар ақ қалпақ, алтын түсті галстук, ақ жейде мен ақ шалбар, ақ туфли және көк пиджак киді. Сондай-ақ, ерлердің сол жақ кеудесінен туымыздағы күн мен қыран құсты байқауға болады.

Бұл Олимпиадада қазақстандық 94 спортшы спорттың 15 түріне қатысты. Нәтижесінде 11 медаль – 3 алтын, 4 күміс, 4 қола жеңіп алды. Осылайша Қазақстан өзі қатысқан алғашқы Олимпиадасында 197 ел арасында 24-орынға тұрақтады. 81 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасқан боксшы Василий Жиров Вэл Баркер кубогына қол жеткізген алғашқы қазақстандық атанды. Юрий Мельниченко грек-рим күресінен 57 келі салмақта және Александр Парыгин бессайыстан топ жарып, «алтын» алды. Боксшы Болат Жұмаділовке (51 келіге дейін салмақта), нысана көздеуден Сергей Беляевке (екі дүркін «күміс» жүлдегері), ауыр атлет Анатолий Храпатыйға «күміс» бұйырды. Ал «қола» медалін былғары қолғап шеберлері Болат Ниязымбетов пен Ермахан Ыбрайымов және нысана көздеуден Владимир Вохмянин мен еркін күрестен Мәулен Мамыров алды.

Қазақстан командалары Олимпиада ойындарында қалай киінді

Төрт жылдан кейін 2000 жылғы жазғы Олимпиада Аустрлияның Сидней қаласында өтті. Оған 130 қазақстандық спорттың 18 түрі бойынша қатысты. Мұнда да спортшыларымыздың салтанатты киімі аса өзгере қоймағанын байқаймыз. Тек әйелдер белдемшенің орнына ерлермен бірдей көгілдір пиджак пен қоңыр сарғыш шалбар киген. Және әйелдердің жейдесіне қазақтың түйетабан оюы салынған. Ал ерлерде – тік жағалы қоңыр-сарғыш жейде, бұл жолы ерлер галстук тақпады. Барлық спортшының сол жақ кеудесінде Қазақстанның туы бейнеленген.

Бұл додада Қазақстан 7 медаль ғана жеңіп алды. Бірақ, 3 алтын және 4 күміс алғандықтан, еліміз 199 мемлекет арасынан 22-орынға көтерілді. Дәл осы Олимпиадада Бекзат Саттарханов, Ермахан Ыбрайымов және Ольга Шишигина Қазақстан қанжығасына «алтын» әкеліп, ел жадында қалды. Одан бөлек, «күміс» алған боксшылар Болат Жұмаділов пен Мұхтархан Ділдәбеков және еркін күрестен Ислам Байрамуков пен велошабандоз Александр Винокуров та Қазақстанның танымал спортшылары атанды.

Қазақстан командалары Олимпиада ойындарында қалай киінді

2004 жылғы дәстүрлі дода Олимпиада отаны – Грекияда ұйымдастырылды. Оған Қазақстанның 119 спортшысы барған еді. Мұнда да киім жағынан өзгерістер болмады. Сол қалпақ, сол костюм, сол ою-өрнек. Тек әйелдер шалбардың орнына күңгірт көк түсті көйлек киді. Ерлердің мойнынан көк, сары, сүр түстер аралсқан галстукты көруге болады. Сосын кеудедегі эмблема тудағы күн мен қыранның орнына елтаңбаға ауыстырылды және спортшылардың қолына жалаушалар берілді. Бұл форманы семейлік «Азия» фирмасы әзірлеген.

Нәтижесі жағынан да Афина ойындары көңіл көншітпеді. Кемі 3 «алтынмен» қайтатын Қазақстан бұл жолы жалғыз «алтынды» місе тұтты. Оны 69 келі салмақтағы боксшы Бақтияр Артаев сыйлады. Сондай-ақ Б. Артаев Олимпиада чемпионы атағымен қоса, Вэл Баркер кубогын да жеңіп алды. Осылайша Вэл Баркер кубогын иеленген екінші қазақстандық боксшы атанды. Одан бөлек, танымал боксшы Геннадий Головкин, ауыр атлет Сергей Филимонов, балуандар Георгий Цурцумиа және Геннадий Лалиев «күміс» жүлдегер атанды. Ал жеңіл атлет Дмитрий Карпов, боксшы Серік Елеуов және грек-рим күресінен Мхитар Манукян қола алды. Нәтижесінде Қазақстан сегіз медаль алып, «алтын» саны аз болғандықтан, 201 елдің арасында 40-орынға бір-ақ сырғыды.

Қазақстан командалары Олимпиада ойындарында қалай киінді

2008 жылғы Олимпиада алауы Қытай астанасы Бейжіңде тұтанды. Бұл жолы Қазақстан құрамасын киіндіру танымал дизайнер, стилист Құралай Нұрқаділоваға жүктелді және спортшылардың салтанатты формасы түбегейлі өзгерді. Дәстүрлі көк түстің реңктері қызғылт сары мен сұр түстерге ауысты және ленталар секілді элементтер көбейді. Әйелдер қызғылт сары қалпақ пен белдемше, ақ жейде мен ақ пиджак киді. Ерлер ақ қалпақ, ақ жейде мен ақ пиджак және сұр шалбармен шықты және олардың көк галстугында Қазақстан туындағы күн мен қыран құс бейнеленген. Барлық спортшылардан «KAZAKHSTAN» лентасы мен елтаңба эмблемасын көруге болады.

Бейжіңге Қазақстаннан 115 адам спорттың 20 түрінен сайысқа түсті және 203 ел арасында 29-орынға табан тіреген еді. 2 қазақстандық «алтын» алып, жеңіс тұғырына шыққан еді. Оның бірі 69 келі салмақтағы боксшы Бақыт Сәрсекбаев болса, екіншісі – ауыр атлетикадан 94 келі салмақта сынға түскен Илья Ильин болатын. Алайда, кейінірек И. Ильиннің жеңісін Халықаралық олимпиада комитеті допинг қолданды деп қайтарып алды. Ал «күміс» жүлде алған ауыр атлет Алла Важенинаның қарсыласы допинг дауына ілігіп, қазақстандық спортшыға «алтын» берілді.

Күміс медальді дзюдошы Асхат Жіткеев, жеңіл атлет Ольга Рыпакова және грек-рим күресінің балуаны Нұрбақыт Теңізбаев жеңіп алды. Бастапқыда екеуі де қола жүлдегер болған, кейіннен қарсыластарының допинг қолданғандары белгілі болып, күміске ие болды. Грек-рим күресінің балуаны Елена Шалыгина, еркін күрестен Марид Муталимов, боксшы Еркебұлан Шыналиев және таэквондошы Арман Шілманов қола жүлде еншіледі. Сондай-ақ, допинг тексеруінен кейін қазақстандық күресші Таймураз Тигиев пен ауыр атлет Ирина Екрасованың «күміс» жүлдесі, ауыр атлет Мария Грабовецкая мен күресші Әсет Мәмбетовтың «қола» жүлдесі күшін жойды.

Қазақстан командалары Олимпиада ойындарында қалай киінді

2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында да спортшылардың салтанатты киімін Құралай Нұрқаділова әзірледі. Бұл жолы дәстүрлі қалпақтар кепкаға, байсалды пиджактар жеңіл күртешеге ауысты. Бейжің Олимпиадасындағы жалпақ ленталар қайталанбады. Споршы ерлер ақ бас киім мен күртеше, көгілдір түсті қысқа жеңді жейде және шалбар киіп, белдік пен көк-сары галстук таққан. Әйелдер спорттық стильдегі көгілдір көйлек киіп, көк-сары шифон орамал байлаған, жұқа тор қолғап киген. Аяқ киімдер бір дизайнда, тек әйелдерде аздаған өкше қосылған. Барлық күнқағарлар мен күртелерде ұсақ шрифтімен «KAZAKHSTAN» жазуы жазылған.

Лондон олимпиадасында қазақстандық қатысушылар спорттың 25 түріне қатысып, 7 «алтын» жеңіп алып, бұрын-соңды болмаған нәтиже көрсеткен еді. Бірақ Халықаралық олимпиада комитеті тағы да допинг дауымен 4 спортшымызды медалінен айырды. 7 чемпионның үшеуі ғана өз көрсеткіштерін сақтап қалды. Олар: велошабандоз Александр Винокуров, үш қарғып секіру сайысынан Ольга Рыпакова және даңқты боксшы Серік Сәпиев. Серік Сәпиев чемпиондық атақпен бірге Вэл Баркер кубогына ие болған үшінші қазақстандық спортшы болды. Ал ауыр атлеттер – Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза және Светлана Подобедовалардың көрсеткіштері жойылды. Лондон ойындарындағы жалғыз «күміс» жүлде боксшы Әділбек Ниязымбетовтың қанжығасына байланды, ал күресшілер Ақжүрек Таңатаров, Гүзел Манюрова және Даниял Гаджиев, боксшылар Иван Дычко мен Марина Вольнова «қола» жүлдегер атанды.

Қазақстан командалары Олимпиада ойындарында қалай киінді

Ал соңғы Рио-де-Жанейро қаласында өткен ХХХІ жазғы олимпиадада Қазақстан құрамасының салтанатты киімін «КазСПО – N» компаниясы әзірледі және танымал дизайнер Аида Қауменова атсалысты. Мұнда ақ және күңгірт көк түстерге басымдық берілген. Әйелдер ақ түсті кимоно, күңгірт көк белдемше және сары орамалмен шықты. Кимононың жағасы мен қалтасына қазақтың ұлттық оюы салынған және кеудесіне елтаңба эмблемасы бекітілген. Ерлерде керісінше көк пиджак, ақ шалбар және қоңыр белдік пен сары галстук тағылған. Бұл жолы спортшыларда ешқандай бас киім болмады.

Әзірге Рио ойындары ел спорты тарихында күміс және жалпы жүлделер санынан рекордтық көрсеткіште. Оған 26 спорт түрінен 104 спортшы қатысып, жалпы саны 17 медаль (3 алтын, 5 күміс, 9 қола) алған еді. «Алтын» медальді ауыр атлет Нижат Рахимов, жүзуші Дмитрий Баландин және боксшы Данияр Елеусінов жеңіп алды. Ал дзюдошы Елдос Сметов, еркін күрестен Гүзел Манюрова, ауыр атлет Жазира Жапарқұл және боксшылар Әділбек Ниязымбетов пен Василий Левит «күміс» жүлдегер атанды. Бұл жылы «Қола» жүлде алғандар көп: Отгонцецег Галбадрах (дзюдо), Иван Дычко, Дариға Шәкімова (бокс), Александр Зайчиков, Фархад Харки, Карина Горичева (ауыр атлетика), Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика), Эльмира Сыздықова, Екатерина Ларионова (еркін күрес).

Қазақстан командалары Олимпиада ойындарында қалай киінді

2020 жылғы Токиодағы жазғы Олимпиада ойындары коронавирус пандемиясына байланысты 2021 жылдың жазына ауыстырылды. «Salta» брендімен танымал Салтанат Баймұхамедова олимпиадалық киімнің салтанатты формасының дизайнері болды. Салтанатты форма «кэжуал» немесе «спорт-шик» форматында жасалған. Бұл киімдерге күтім жасау оңай, мыжылмайды және аллергия тудырмайды. Спортшылар спорттық футболка мен жағасында ақ жолағы бар қою көк пиджак, кең шалбар мен ақ кроссовка киген. Пиджакта Токио Олимпиадасы мен Қазақстанның ұлттық олимпиада комитетінің белгілері жапсырылған. Оң жақ жеңінде Қазақстанның туы бейнеленген. Әзірге бас киім мен өзге де аксессуарлар көрінбейді.

Қазақстан құрамасының салтанатты формасы танымал Forbes журналының үздік униформалар рейтингіне еніп үлгерді. Үздік формалар тізіміне #teamKZ атлеттерінен бөлек, АҚШ, Либерия, Ресей, Чехия, Қытай, Оңтүстік Африка және Жапония командаларының формасы енген. Қазақстан командасының формасын сипаттай келе, автор түстердің жақсы үйлесім тапқанына, ең бастысы – жобадағы командалық жұмыстың жоғары болғанына ерекше назар аударады. Өйткені, форманы дайындау барысына спортшылар да қатысқан болатын.

Қазақстан командалары Олимпиада ойындарында қалай киінді

Бүгін Олимпиаданың ашылу салтанаты өтеді. Қазақстан құрамасында спорттың 28 түрінен 97 Олимпиада жолдамасы бар. Алдыңғы Олимпиадаларда жүлде алған Ольга Рыпакова, Дмитрий Баландин, Елдос Сметов, Галбадрах Отгонцэцэг сынды спортшылар осы жолы да бақ сынайды. Спортшыларымызға сәттілік пен жеңісті күндер тілейміз!


Автор:

Айжан Серікжанқызы

Kategoriler
Kazinform

Қазақстандық әнші «Славян базары» фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды

ВИТЕБСК, 19 шілде 2021 (БЕЛТА-ҚазАқпарат) – Витебскте өткен «Славян базары» байқауының гран-при жүлдесін қазақстандық әнші Рухия Байдүкен алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат БЕЛТА агенттігіне сілтеме жасап.

«Славян базары» байқауының бас жүлдесін қазақстандық әнші Рухия Байдүкенге байқаудың қазылар алқасының төрағасы Анатолий Ярмоленко табыстады. Байқаудың жабылу салтанатында Димаш Құдайберген өнер көрсетті.

Рухия Байдүкен 1998 жылы Талдықорған қаласында дүниеге келген. Ол Қазақ Ұлттық өнер университетінде «Эстрада және вокал» мамандығында оқиды. Оның дауысы төрт жарым октаваға жетеді.

«Мен өнерге бала кезімнен құштармын, отбасымда Байдүкен атам өнерге жақын болды. 4 сыныптан бастап Талдықорған қаласындағы Өнер мектебінде вокал сыныбында білім алдым. Қазір вокалдан сабақ беремін және менің оқушыларым – бір-біріне ұқсамайтын жеке тұлғалар. Оның арасында 5 жасар бала да бар, 30-дан асқан ересектер де бар. 22 жасымда ұстаздықты бірге алып жүру – үлкен міндет деп ойлаймын. Оның барлығы адамның өсуіне көмектеседі», – дейді жас әнші ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында. Рухия Байдүкен «Славян базары» байқауына дайындықтың қалай жүріп жатқанын айтып берді.

Айта кетейік, «Славян базары» байқауы 1992 жылдан бері өткізіліп келеді. 2015 жылы Димаш Құдайберген, ал 2019 жылы – Әділхан Макин Қазақстан атынан қатысып, бас жүлде иеленген еді.

Kategoriler
Kazinform

Нұр-Сұлтан қаласында Қаныш Сәтбаевқа ескерткіш орнатылды

НҰР-СҰЛТАН, 3 шілде 2021 (ҚазАқпарат) – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Нұр-Сұлтан қаласында әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевқа ескерткіш орнатылды. Ескерткіштің ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев қатысты, деп хабарлайды Ақорда.

Мемлекеттік хатшы өз сөзінде Қаныш Сәтбаевтың Алаш ардақтыларымен мұраттас болғанын айтты. Ұлтқа қызмет етуде аға буынды үлгі еткенін, ел ісінде барлық салаға белсене араласқанын, Қазақстан ғылымының өркендеуіне елеулі үлес қосқанын атап өтті.

– «Өз елінің қара тасын мақтан ете алмаған, өзге жердің алтынын да мақтап жарытпақ емес» деген екен Қаныш Сәтбаев. Осы ойға салсақ, халқы Қанышын қал-қадірінше ардақтап, есімін ұлықтап келеді. Ғұлама ғалымның атына бұған дейін қала, көше атауларының берілуі – соның айғағы. Кешегі Қазақ тау-кен-металлургия институтының бүгінде Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті аталуы да зор мәртебе. Бұл – ұлтының ұлы перзентіне көрсеткен құрметінің бір парасы ғана, – деді Қырымбек Көшербаев.

Нұр-Сұлтан қаласында Қаныш Сәтбаевқа ескерткіш орнатылды

Жобаны Павлодар облысының әкімдігі мен ғалымның жерлестері – Баянауыл жұртшылығы және мүсінші Асқар Нартов жүзеге асырды.

Нұр-Сұлтан қаласында Қаныш Сәтбаевқа ескерткіш орнатылды

Іс-шараға Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, ҚР Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов, Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ректоры Мейрам Бегентаев және басқа да қоғам өкілдері қатысты.

Нұр-Сұлтан қаласында Қаныш Сәтбаевқа ескерткіш орнатылды
Нұр-Сұлтан қаласында Қаныш Сәтбаевқа ескерткіш орнатылды
Нұр-Сұлтан қаласында Қаныш Сәтбаевқа ескерткіш орнатылды