Kategoriler
Kazinform

Домбыра күні: Елордада Дина Нұрпейісоваға ескерткіш қойылды

НҰР-СҰЛТАН, 3 шілде 2021 (ҚазАқпарат) – 4 шілде – Ұлттық домбыра күніне орай елордада әйгілі күйші, халық композиторы, Қазақстанның халық әртісі Дина Нұрпейісованың ескерткіші ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанатты шарада ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, танымал күйші Айгүл Үлкенбаева Д. Нұрпейісова ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Биыл дарынды өнер иесінің дүниеге келгеніне 160 жыл толады.

Домбыра күні: Елордада Дина Нұрпейісоваға ескерткіш қойылды

«Қара сөзден құрыш құйған Қадыр Мырза Әліден қалған сөз бар: «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген. Әрине, ақынның тұтас халықты бір ғана аспапқа теңеп, ұлттың мінезі мен болмысын дәл осылай сипаттауында терең мән жатыр. Өйткені, жұртымыздың мұңы мен жыры, қуанышы мен жақсылығы домбыраның шанағынан төгіліп түсіп, шартарапқа жайылып жатты. Халқымыздың жалаң аяқ жар кешіп, қызыл аяқ қар кешіп, Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама кезеңдерін бастан өткеріп, заманның жауыны мен дауылынан аман қалған шақтарын, бейбіт те берекелі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған барақатты сәттерін қара домбыраның тілі мен үні тарих бетіне таспалады. Құлагер ақын Ілияс Жансүгіровтің «Домбыра сенде мін бар ма, Мінсіз болсаң тіл бар ма, тіл жоқ деуге бола ма, тілден артық үн барда» деп жырлауы да сондықтан болса керек.

Домбыра күні: Елордада Дина Нұрпейісоваға ескерткіш қойылды

Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Халқымыз үшін қастерлі қасиетті аспаптың қадірін арттыра түсу үшін Қазақстанның Тұңғыш Президенті Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаев өз Жарлығымен арнайы Домбыра күнін белгілегенін жақсы білесіздер. Бұл – бүгінгі ұрпақтың ұлттық құндылыққа көрсеткен үлкен құрметі. Биылғы Домбыра күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен дәулескер күйші, ел ішінде күй анасы атанып кеткен Дина Нұрпейісоваға Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында елорда төрінен еңселі ескерткіш ашылып отыр. Сондықтан, бүгінгі шараның үлкен символдық мәні бар», – деді Қырымбек Көшербаев ескерткіштің салтанатты ашылуында.

Домбыра күні: Елордада Дина Нұрпейісоваға ескерткіш қойылды

Қаршадайынан қара домбыраға құмар болған Дина Кенжеқызының аты елге ерте тарала бастайды. Жұрт оны жастайынан домбырашы қыз атай бастайды. Бірде шалқытып, бірде қалықтатып төгілген күйін ел елжіреп тыңдаған деседі.

«Аты алысқа кеткен күйші қызды күндердің-күнінде Құрманғазының өзі іздеп келіпті. Динаның қабілетін байқап, қарымын сынапты. Күй атасы Құрманғазыдан тоғыз жыл тәлім алған Дина Нұрпейісова – күй өнерін әбден меңгеріп, Дәулеткерей, Мүсірәлі, Түркеш, Ұзақ, Есжан, Байжұма сынды даңқты өнерпаздардың асыл мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізген, ғасырлар арасын жалғаған алтыннның үзігіндей ардақты адам. Ұлттық өнердің өңін өзгертпей, бір дәуірден екінші дәуірге жеткізуімен де қалың қазақ үшін құрметті. Өйткені Динаның орындауында талай күй кейінге жетіп, нотаға түсіп, хатталып қалды. Өшпес, өлмес дүниенің бар байлығынан да қымбат қазына бүгінге Дина Нұрпейісованың арқасында жетті», – дейді Мемлекеттік хатшы.

Домбыра күні: Елордада Дина Нұрпейісоваға ескерткіш қойылды

Сонымен бірге, ескерткіштің ашылуына Дина Нұрпейісованың шөбересі, республикалық «Күй анасы» қорының директоры, қоғам қайраткері Төлеген Қуанышев қатысты.

«Бұл жұмыстар осыдан 1-2 жыл бұрын басталған-ды. 20-ға жуық өнер қайраткері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына хат жазды. Бүгінгі салтанатты ашылу – сол жұмыстардың нәтижесі. Біз үшін жаңа ескерткіш эстетика тұрғысында жоғары деңгейде жасалған. Оның басты құндылығы – ескерткішке қарағанда ұрпақтармен жылы байланыс орнауы. Міне, мен осындамын, мені халқым құрметтеп, ескерткіш қойды. Сен де ерінбей еңбексенсең, халқыңның құрметіне бөленесің. Бұл жастарды, әсіресе ұлттық аспап домбыра шертетіндердің өнерін шыңдауға жетелейді. Ескерткіш осыған шақырады», – деді Төлеген Қуанышев.

Жаңа ескерткіштегі мүсінді белгілі мүсінші Жалын Бауырқан жасаған.

Домбыра күні: Елордада Дина Нұрпейісоваға ескерткіш қойылды

«Дина әжеміздің мүсіні таза қоладан жасалған. Мұнда 16 жұмыс конкурсқа қатысып, оның ішінде 3 жұмыс мемлекеттік комиссияға жіберілген еді. Онда атақты мүсіншілердің жұмыстары болды, бірақ мемлекеттік комиссия 90 жастағы әженің түрегеп тұрған емес, отырған образын таңдады. Осылайша, мүсіннің биіктігі 2,75 метр, тұғырын қосқандағы жалпы биіктігі – 5 метр 50 сантиметр болды. Ескерткіш тұғыры тастан шабылған, салмағы шамамен 45 тонна.

Дина апаның образын табу үшін біраз материалдар жинақтадық, оның ұрпақтары да бұрын жарияланбаған фото-видеоларын берді, солардың негізінде образ шығардық. Дина апаның қолындағы домбыраға келсек, батыстық домбыра стиліне жүгіндік, себебі ондағы домбыралардың шанағы үлкендеу болады. Ол кісінің де саусақтары салалы ұзын болған. Сондай ерекшеліктерін мүсінде ескеруге тырыстық. Жалпы мүсінді дайындауға құю, монтаждау, тұғырға орнатуға 3 жарым айдай уақыт кетті», – деді мүсінші Ж. Бауырқан тілшілерге берген сұхбатында.

Домбыра күні: Елордада Дина Нұрпейісоваға ескерткіш қойылды

Айта кетейік, ескерткіш Абылай хан даңғылы мен Күйші Дина көшелерінің қиылысында орналасқан. Оның ашылу салтанатынан кейін елордалық мемлекеттік филармонияның қазақ ұлт аспаптар оркестрі Дина күйлерін орындап, келушілерге шағын концерт берді.

Домбыра күні: Елордада Дина Нұрпейісоваға ескерткіш қойылды
Домбыра күні: Елордада Дина Нұрпейісоваға ескерткіш қойылды

Автор:

Айжан Серікжанқызы

Kategoriler
Kazinform

Қазақстан мен Түркия аэроғарыш саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады

НҰР-СҰЛТАН, 3 шілде 2021 (ҚазАқпарат) – Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді «Turkish Aerospace Industries» (TAI) аэроғарыш және қорғаныс-өнеркәсіп компаниясының бас директоры Темел Котилмен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қр Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тараптар Қазақстан мен TAI компаниясы арасындағы ынтымақтастық перспективаларын, соның ішінде компанияның машина жасау, өнеркәсіп және аэроғарыш саласындағы жобаларға қатысуын, сондай-ақ бірлескен өндіріс құру мен технологиялар трансфертін құру мүмкіндіктерін талқылады.

Т.Котиль бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін атап өтіп, екіжақты ынтымақтастыққа қызығушылығын білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша жемісті ынтымақтастықты жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

«TAI» өзіндік интеграцияланған жүйелерді жобалаумен, әзірлеумен және өндірумен айналысатын жетекші түрік аэроғарыштық компаниясы.

Компания бірегей жабдықтың ірі халықаралық өндірушілер үшін өндірістік алаң болып табылады және 5 негізгі бизнес-сегменттерде жұмыс істейді: ұшақтар, тікұшақтар, пилотсыз ұшу аппараттары, ғарыш жүйелері, аэроқұрылымдар.

Kategoriler
Kazinform

Парламент депутаттары каникулға кетті

НҰР-СҰЛТАН, 30 маусым 2021 (ҚазАқпарат) – Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда жетінші сайланған Парламенттің бірінші сессиясы ресми түрде жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, депутаттар биылғы 1 қыркүйекке дейін парламенттік каникул деп жарияланатыны туралы арнайы қаулы қабылдады.

«Бүгін біз жетінші шақырылған Парламенттің алғашқы сессиясын аяқтап отырмыз. Бұл сессия жұмысы қасиетті Отанымыз Қазақстанымызға 30 жыл толған мерейлі кезеңде басталды. Ата-бабамыз аңсаған Тәуелсіздік әрбір отбасын, әрбір қазақстандықтың зор мақтанышы және баға жетпес байлығы болып саналады. Себебі дәл осы 30 жылдың ішінде біздің еліміз барлық салада зор табыстарға жетті. Бүгінгі күні Қазақстанымыз бүкіл әлем мойындаған беделі жоғары, іргесі берік қуатты мемлекетке айналды», – деді Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Осы орайда ол Тәуелсіздік жылдарындағы ҚР Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегіне тоқталды.

«Бүгінде осы 30 жыл бұрын негізін қалаған, мақсаты айқын, болашағы зор «Қазақстандық жолды» Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев одан әрі табысты жалғастырып келеді. Қазірдің өзінде ел дамуына нақты серпін беретін маңызды бастамалар, бірқатар саяси- экономикалық, әлеуметтік реформалар нәтижелі қолға алынды. Оның барлығын заң жағынан қамтамасыз етіп келе жатқан қос палаталы кәсіби Парламенттің құрылғанына да биыл 25 толып отыр. Бұл әрқашанда Қазақстанның заңнамалық тірегі болып келе жатқан Парламент үшін өте маңызды оқиға. Осындай тарихи кезеңде біздің депутаттық корпустың рөлі де, жауапкершілігі де бұрынғыдан да арта түсті», – деді Мәжіліс Төрағасы.

Н. Нығматулиннің айтуынша, биылдың қаңтар айында өткен кезекті Парламент сайлауы елімізде демократияны одан әрі нығайтуға, қоғамдық ынтымақтастықты күшейтуге және саяси жаңғыртуға жаңа серпін берді. Осы сайлау нәтижесінде Мәжіліс құрамы 70 пайызға жаңарды. Сонымен бірге жаңа құрам барлық сала бойынша білікті тұлғалармен толықты.

«Бүкіл әлемге тараған коронавирус індеті Қазақстанды да орын алды. Соңғы бір жылдан астам уақыттан бері еліміз пандемия салдарымен күрес жүргізіп келеді. Елдегі жағдай баршамыздың өмірімізге, жұмысымызға көптеген өзгерістер әкелсе де, Парламент бір күнге де өз жұмысын тоқтатпады. Еліміздің технологиялық жетістіктерін пайдалана отырып, белсенді еңбек етті. Барлық жиын, жұмыс топтары, комитеттердің кеңейтілген отырыстары, жергілікті әрі халықаралық кездесулер көп жағдай онлайн форматта өтті», – деді ол.


Автор:

Руслан Ғаббасов

Kategoriler
Kazinform

Қазақстандық жеңіл атлеттер Олимпиадаға тағы 4 жолдама жеңіп алды

НҰР-СҰЛТАН, 30 маусым 2021 (ҚазАқпарат) – Қазақстандық жеңіл атлеттер Токиода өтетін Олимпиада ойындарына тағы төрт лицензия жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазақстандық екі спортшы жолдаманы Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының (әлемдік жеңіл атлетика) әлемдік рейтингіне сәйкес ие болса, төртінші жолдаманы Қазақстанда өткен жарыс нәтижесі бойынша алды.

Айта кетерлігі, World Athletics Олимпиада жолдамалары туралы нәтижені бүгін жариялады.

Осылайша, Ольга Сафронова, Михаил Литвин және Ирина Эктова #teamKZ қоржынын жолдамамен толықтырды.

Ольга Сафронова әйелдер арасында 100 және 200 метр қашықтықта жарысқа 2 лицензия жеңіп алды.

Михаил Литвин ерлер арасында 400 метрге жүгіруден Қазақстан намысын қорғайды.

Ирина Эктова Алматыда өткен жарыстағы нәтижесі бойынша үш қарғып секіруден Олимпиадаға қатысады.

Айта кетерлігі, жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасының қоржынында бұған дейін жеті жолдама болды. Оларды Ольга Рыпакова (үш қарғып секіру), Григорий Шейко (спорттық жүріс), Айман Ратова (спорттық жүріс) және Жанна Мамажанова (марафон), Мария Овчинникова (үш қарғып секіру), Надежда Дубовицкая (биіктікке секіру), Кристина Овчинникова (биіктікке секіру) жеңіп алған болатын.

Kategoriler
Kazinform

Алексей Цой: Вакциналаудың нәтижесінде эпидемиологиялық ахуал ушыққан жоқ

НҰР-СҰЛТАН, 29 маусым 2021 (ҚазАқпарат) – Соңғы аптада вакцианалаудың қарқын алуы коронавирустың таралуын тежеген. Денсаулық сақтау минисрі Алексей Цой Үкімет отырысында осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елімізде кейінгі кезде вакциналау қарқыны артып келеді. Өткен аптада вакцина салдырғандардың саны 250 мың адамнан 405 мың адамға өскен. Біз вакциналаудың тиімділігіне талдау жасап көрдік. Сәуір айынан бастап маусымға дейін екпе алғандар санының 1,3 млн адамнан 3,2 млн адамға дейін өсуі індет жұқтыру жағдайларын екі есе азайтқаны байқалады. Осыған байланысты Дельта штамы анықталған күннің өзінде вакциналау эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруына жағымды әсер етіп жатқанын айту қажет», – деді Алексей Цой Үкімет отырысында.

Министрдің сөзіне қарағанда бүгінге дейін қазақстандықтар 5,2 млн доза вакцина ны пайдаланған, Оның ішінде 1-компоненті бойынша 3 246 795 адам немесе тиісті халықтың 32,8% екпе алған. Екінші компонентпен 1 954 372 адам қамтылған.

Kategoriler
Kazinform

Загребте Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына және елорда күніне арналған дөңгелек үстел өтті

НҰР-СҰЛТАН, 25 маусым 2021 (ҚазАқпарат) – Загребте көрнекті қоғам қайраткерлері, Хорватия Білім және ғылым министрлігінің, Хорват-казақ достық қоғамы, дипломатиялық корпус және журналистердің қатысуымен Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына және елорда күніне арналған дөңгелек үстел өтті.

Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Елші Төлежан Барлыбаев Қазақстанның соңғы үш онжылдықтағы мемлекеттік құрылыстағы тарихи серпілісінің, әртараптандырылған нарықтық экономиканы құрудың, қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің ерекше үлгісі қалыптасуының басты кезеңдерін атап өтті.

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың заманауи Қазақстанды құруға қосқан елеулі үлесі, сондай-ақ мемлекеттік реформаларды ілгерілету және әлеуметтік тәртіпті жаңарту жөніндегі Қазақстан Республикасы көшбасшылығы бағытының сабақтастығы атап өтілді.

Хорватияның экс-президенті, көрнекті қоғам қайраткері Иво Йосипович өзінің Қазақстанға сапарлары туралы жылы лебіздерімен бөлісті. Ол тәуелсіздіктің таңындағы ең маңызды стратегиялық қадам – ​​Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық сынақ полигонын жабу және өз еркімен ядролық қарудан бас тарту туралы шешімі екенін айтты.

Оның сөзінше, бұл Қазақстанның халықаралық беделінің өсуін және көпжақты дипломатия орталығы мен беделді диалог алаңы ретіндегі рөлінің күшеюін қамтамасыз етті, оның астанасында ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ШЫҰ, АӨСШК және басқа да халықаралық ұйымдардың саммиттері, Сириядағы қақтығысты реттеу бойынша халықаралық келіссөздер, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері және басқа да форумдар сәтті өткізілді.

Хорватия–Қазақстан достық қоғамының төрағасы Андрия Карафилипипович Қазақстан басшылығының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын және әлеуметтік-бағдарлы саясатты дамыту бағытына оң баға берді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың адам құқықтарын қорғау және нығайту саласындағы жаңашылдықтары Қазақстанды гуманитарлық өлшем бойынша өңірлік көшбасшы ететіні баса айтылды. Сондай-ақ Қазақстанның этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту саласындағы табысты тәжірибесі ерекше атап өтілді.

Дөңгелек үстел барысында Ресей мен Әзербайжан елшілері, Хорватия Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, Достық қоғамының мүшелері сөз сөйледі. Дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстанның жас астанасының құрылыс тарихы туралы фотокөрмемен танысты, сонымен қатар оларға хорват тілінде басылып шыққан Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы, Абайдың шығармалары мен Хорват тілінде шыққан әл-Фарабидің қызметі туралы монография сыйға тартылды.

Kategoriler
Kazinform

Қазақстан үй салуда ТМД елдері арасында 1-орынға шықты – Асқар Мамин

НҰР-СҰЛТАН, 21 маусым 2021 (ҚазАқпарат) – Қазақстан ТМД елдері арасында тұрғын үй салуда 1-орынға шықты. Бұл туралы ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Күрделі жағдайда шынайы сектор Қазақстан экономикасы тұрақтылығының негізгі факторына айналды. Әлемдік және өңірлік экономикалардағы белгісіздікке қарамастан өңдеуші сала 3,9 пайыз деңгейінде өсім көрсетті. 2004 жылдан бері алғаш рет жалпы ішкі өнімдегі өңдеуші өнеркәсіптің үлесі тау-кен өндіру өнеркәсібі үлесінен асып түсті», – деді Үкімет басшысы.

Оның атап өтуінше, фармацевтика саласы қарқынды өсім көрсетіп, 47 пайызға артты. Дайын металл бұйымдарының көлемі 20 пайызға өсті.

Машина жасау – 16 пайызға, оның ішінде автомобиль жасау – 53, вагондар мен локомативтер жасау – 39 пайызға ұлғайды.

Ал тау-кен өндіру секторында өсім қарқынының шектелуі байқалды.

Бұл Қазақстанның ОПЕК+-пен уағдаластығы аясында мұнай өндіруді қысқарту міндеттемесін орындауына байланысты орын алды

«Елімізде тұрғын үй пайдалануға беру 16,8 пайызға артып, 15,3 млн шаршы метрді құрады. Бұл құрылыс саласындағы сенімді өсімді қамтамасыз етті және Қазақстанның ТМД елдері арасында бір адамға 0,81 шаршы метр жаңа баспананы пайдалануға беру арқылы бірінші орынға шығуына мүмкіндік берді», – деді Асқар Мамин.

Автор:

Марлан Жиембай

Kategoriler
Kazinform

Вакцина салдырған қазақстандықтардың саны 3 миллионға жуықтады

НҰР-СҰЛТАН, 21 маусым 2021 (ҚазАқпарат) – Қазақстанда 2 760 223 адамға коронавирус вакцинасы егілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

21 маусымдағы мәлімет бойынша, Қазақстанда 2 760 223 адам коронавирус вакцинасының бірінші компонентін салдырды. Екінші компонентті салдырғандар саны – 1 668 032 адам.

Нұр-Сұлтан – I компонент 184 195, II компонент 132 286

Алматы қаласы – I компонент 379 828, II компонент 263 073

Шымкент қаласы – I компонент 228 293, II компонент 132 210

Ақмола облысы – I компонент 95 815, II компонент 59 527

Ақтөбе облысы – I компонент 107 987, II компонент 63 711

Алматы облысы – I компонент 291 042, II компонент 180 877

Атырау облысы – I компонент 71 472, II компонент 32 691

ШҚО – I компонент 207 303, II компонент 114 969

Жамбыл облысы – I компонент 145 545, II компонент 79 889

БҚО – I компонент 82 198, II компонент 49 744

Қарағанды облысы – I компонент 191 711, II компонент 136 116

Қостанай облысы – I компонент 105 608, II компонент 66 777

Қызылорда облысы – I компонент 120 015, II компонент 65 852

Маңғыстау облысы – I компонент 49 752, II компонент 28 208

Павлодар облысы – I компонент 101 184, II компонент 65 770

СҚО – I компонент 87 636, II компонент 59 911

Түркістан облысы – I компонент 310 639, II компонент 136 421

ҚР бойынша барлығы: I компонент – 2 760 223, II компонент – 1 668 032

Kategoriler
Kazinform

Жыл басынан бері ауыл шаруашылығында 1,1 трлн теңгенің өнімі өндірілді – министрлік

НҰР-СҰЛТАН, 18 маусым 2021 (ҚазАқпарат) – Ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларында ауыл шаруашылығы аласының жалпы өнім көлемі 3,1%-ға артып, 1 110 млрд. теңгені құрады, деп хабарлады ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.

Өсім негізінен мал шаруашылығындағы өндіріс көлемінің 3,2%-ға ұлғаюы (1 039,4 млрд. теңге) есебінен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, ет өндіру көлемі тірідей салмақта 5,5%-ға, сүт өндірісі 3,1%-ға өсті.

Аталған кезеңде өсімдік шаруашылығы өнімдері 58,3 млрд. теңгеге өндіріліп, нақты көлем индексі 100%-ды құрады. Бұл көлем ауыл шаруашылығы дақылдарын жабық топырақта (жылыжайда) өсіру есебінен қамтамасыз етілді.

Облыстар бойынша республикалық деңгейден жоғары қарқын төрт облыста байқалды: Ақмола – 113,8%, Павлодар – 103,9%, Батыс Қазақстан және Қарағанды-103,3%.

Kategoriler
Kazinform

Қазақстан қоржынына Олимпиадаға 63-жолдама түсті

ТАШКЕНТ, 11 маусым 2021 (ҚазАқпарат) – Көркем гимнастикадан Ташкентте өтіп жатқан лицензиялық Азия чемпионатында қазақстандық Алина Әділханов чемпион атанып, Токио Олимпиадасына жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінен мәлім еткендей, Алина Әділханова көпсайыс қорытындысы бойынша 95.15 ұпай жинап, жеңіске жетті. Екінші және үшінші орынды өзбекстандықтар Тахмина Икромова (92.90) мен Екатерина Фетисова (90.85) иеленген.

Қазақстан атынан сынға түскен тағы бір спортшымыз Адиля Тілекенова жетінші орынға табан тіреді.

Халықаралық гимнастика федерациясы лицензиялық Азия біріншілігін өткізуді соңғы сәтте шешіп, турнир 6 маусымда басталған болатын.

Жарыс ережесі бойынша, тек жеңімпаз атанған спортшыға Олимпиада жолдамасы табысталады.

Осылайша, сары құрлықтан Токио ойындарына берілетін жалғыз лицензияны Алина Әділханова еншілеп отыр. Бұған дейін Алина жекелей сында өнер көрсетіп, доп және шығыршық жаттығуында күміс, ұршықпен жаттығуда алтын жүлде жеңіп алды.

Алина Әділханова 2001 жылы 26 қаңтарда дүниеге келген. 2018 жылғы Азия ойындарында командалық және жекелей сында алтын жүлдегер атанған.

Айта кетейік, бүгінге дейін Қазақстан спорттың 25 түрінен Олимпиадаға 63 жолдама жеңіп алды.