Kategoriler
Kazinform

Нығматулин мен Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының Төрағасы ынтымақтастық бағыттарын талқылады

НҰР-СҰЛТАН, 16 қараша 2021 (ҚазАқпарат) – Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясының Төрағасы Рик Демспен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат төменгі палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шара барысында Нұрлан Нығматулин биылғы жыл еліміз үшін айтулы оқиға Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы екенін атап өтіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде өтіп жатқан саяси жүйені реформалау, экономиканы жаңғырту, азаматтық қоғамды дамыту үдерістеріне ерекше назар аударды.

Мәжіліс Төрағасы мәртебелі мейрамға сайлау процесін демократияландыру және сайлау заңнамасын жетілдіру, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, парламенттік оппозиция институтын заңнамалық деңгейде бекіту мақсатындағы кешенді реформаларды атап өтті.

Нығматулин мен Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының Төрағасы ынтымақтастық бағыттарын талқылады

Өз кезегінде, Рик Демс Қазақстанның Парламентте әйелдердің өкілдік ету жөніндегі күш-жігерін жоғары бағалайтынын айтты.

Одан әрі тараптар Қазақстан мен Еуропа Кеңесінің ынтымақтастығын дамытуды қолдай отырып, өзара іс-қимыл бағыттарын, оның ішінде Қазақстанның бірқатар еуропалық конвенцияларға қосылу, сондай-ақ экология және климат мәселелері бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Нұрлан Нығматулин Омбудсмен институтын дамыту арқылы адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, бала құқықтарын қорғау, еріктілер қызметі және т. б. салалардағы қазіргі уақытта Парламентте жалғасып жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.

Kategoriler
Kazinform

Каспий құбыр консорциумы мен үшін де ерекше мәнге ие – ҚР Президенті

НҰР-СҰЛТАН, 16 қараша 2021 (ҚазАқпарат) – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий құбыр консорциумы өзі үшін де ерекше мәнге ие екендігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жобаның жүзеге асырылуы Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған сынды әлемдік өлшеммен алып қарағанда ірі кен орындарына қуатты серпін берді. Бүгінде оларға елімізде өндірілетін барлық мұнайдың 60 пайызы тиесілі. Консорциум Қазақстан мен Ресейдің, сонымен қатар Chevron, Eni, Лукойл, Shell және өзге де жетекші мұнай компанияларының қатысуымен ірі халықаралық мұнай тасымалдау жобасына айналды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий құбыр консорциумының 25 жылдығына арналған салтанатты жиында.

Мемлекет басшысы консорциумға қатысушылардың арасында ымыраға қол жеткізу үшін Қазақстан және Ресей басшылығының үлкен күш-жігері жұмсалған ұзақжылдық келіссөз әлі есінде екендігін атап өтті.

«Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған серіктестіктің 10 принципі консорциумның табысты жұмыс істеуіне негіз қалады. Бұл жоба мен үшін де ерекше мәнге ие. Өйткені, оның құрылысының басталуына және іске қосылуына арнайы қатысқан едім. Вагит Алекперов те қатысты. Таяуда ол маған фотография табыс етті. Ол кезде біз сәл басқаша, мүмкін мұнан да нашарлау едік. Қалай десек те, аталған жобаны іске қосу шарасының қалай өткені есімізде»,- деді ҚР Президенті.


Автор: Марлан Жиембай

Kategoriler
Kazinform

Каспий құбыр желісінің салынуы мұнай-газ секторын дамытуға айрықша ықпал етеді – Тоқаев

НҰР-СҰЛТАН, 16 қараша 2021 (ҚазАқпарат) – Каспий құбыр желісінің салынуы мұнай-газ секторын дамытуға айрықша ықпал етеді. Бұл жайында Каспий құбыр консорциумының 25 жылдығына арналған салтанатты жиында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Каспий құбыр желісі консорциумының құрылғанына 25 жыл толуымен құттықтаймын. Мұнай-газ секторы – Қазақстанның экономикасын өркендетуге жол ашқан басты саланың бірі. Бұл саланы дамыту үшін шетелден ауқымды инвестиция тартылып, озық технология енгізілді. Біздің еліміз әлемдегі ең ірі мұнай экспорттаушы мемлекеттердің қатарында. Қазір жылына 90 млн тоннаға дейін мұнай өндіреміз. Өнімді сыртқа шығаратын Каспий құбыр желісінің салынуы мұнай-газ секторын дамытуға айрықша ықпал етеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты жиын барысында.

Айта кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Каспий құбыр консорциумының 25 жылдығына арналған салтанатты жиын өтіп жатыр.

Айта кетейік, 2021 жылғы қазан айында КҚК теңіз терминалынан 5 390 687 тонна мұнай (49 289 039 баррель) тиелді.

Оның ішіндегі 2 556 515 тоннасы – Теңіз кен орнынан, 751 173 тоннасы – Қарашығанақ кен орнынан, 1 471 461 тонна – Қашаған кен орнынан өндірілген мұнай, сондай-ақ 62 127 тонна – басқа да қазақстандық өндірушілерінен келген мұнай.


Автор: Марлан Жиембай

Kategoriler
Kazinform

Президент төрағалығымен Каспий құбыр консорциумының 25 жылдығына арналған жиын басталды

НҰР-СҰЛТАН, 16 қараша 2021 (ҚазАқпарат) – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Каспий құбыр консорциумының 25 жылдығына арналған салтанатты жиын басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алқалы жиын аталған консорциумқа қатысушы акционерлердің шартқа қол қоюына 25 жыл толуына орай бейнеконференциябайланыс форматында өтіп жатыр.

Каспий құбыр консорциумы Қазақстан батысынан, негізінен Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарынан Қара теңіздегі Ресейдің Новороссийск портына жақын орналасқан терминалдарға мұнай жеткізу үшін салынды.

1 500 шақырым болатын құбырмен мұнай тасымалдау 2001 жылы басталды. Сол уақыттан бері әлемдік нарыққа Қазақстанның 745 млн тоннадан астам мұнайы жеткізілді.

Таяуда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев XVII Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы барысында мұнай өндіру көлемінің артуына, жаңа кен орындарының игерілуіне, сонымен қатар мұнай өндіру жөніндегі бірлескен жобалардың қолға алуына байланысты Каспий құбыр консорциумының өткізу қабілетін арттырып, оны басқаруда тұрақтылықты қамтамасыз ету маңызды екендігін айтқан болатын.

«Біздің кәсіпорындарымыз бірлесіп, әлемдік деңгейдегі кен орындарын – Теңіз бен Қарашығанақты игеріп жатыр. Каспийдің қазақстандық бөлігінде «Жеңіс» және «Әл-Фараби» теңіз жобалары жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалардың жалпы құны 6,5 млрд долларды құрайды. Бұған қоса, Хазар теңізінен ірі «Қаламқас» кен орнынан игеруге кірісеміз. Ресейлік тараптан стратегиялық серіктестік айқындалған. Бұл «Лукойл» компаниясы. Жобаның жалпы құны шамамен 5 млрд долларды құрайды», – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Автор: Марлан Жиембай

Kategoriler
Kazinform

Қазақстанда Pfizer-дің қанша дозасы бар

НҰР-СҰЛТАН, 16 қараша 2021 (ҚазАқпарат) – ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елімізде Pfizer вакцинасының қанша дозасы бар екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанға 379 мың доза мөлшерінде Сomirnaty (Pfizer) вакцинасының бірінші партиясы келіп түсті. Екінші партияны жеткізу 20 қарашаға дейін жоспарланған. Вакцинация республиканың 7 өңірінде басталды. Олар Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан, Алматы, Нұр-сұлтан, Шымкент қалалары.

Бүгінгі күні 13 бала мен 247 жүкті және бала емізетін әйел екпе алды», – деді министр Үкімет отырысында.

Сондай-ақ, ведомство басшысы Pfizer вакцинасын алғысы келетін халықтың сұранысын қанағаттандыру үшін ақылы нарыққа жеткізуді ұсынды.

«ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның тапсырмасы бойынша ҚР Үкіметіне COVID-19-ге қарсы Comirnaty (Pfizer) вакцинасын халық қалауы бойынша коммерциялық нарық сегментіне шығару ұсынылды. Қолдауларыңызды сұраймын», – деді Алексей Цой.


Автор: Есімжан Нақтыбай

Kategoriler
Kazinform

Қазақстан мен Өзбекстан бірлесіп «Hamkorlik-2021» оқу-жаттығуын өткізеді

НҰР-СҰЛТАН, 15 қараша 2021 (ҚазАқпарат) – Өзбекстанның оңтүстігінде орналасқан «Термез» өңірлік полигонында биыл 17-24 қараша аралығында Қазақстан мен Өзбекстан елдерінің бірлескен оқу-жаттығуы өтпек, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бірлескен маневрлердің мақсаты бірлескен тапсырмаларды шешуде бауырлас екі елдің өзара іс-қимылы мен үйлесімділік деңгейін арттыру болып табылады.

Еліміз тарапынан оқу-жаттығуға 100-ден аса әскери қызметші қатысып, Су-30СМ көпфункционалды жойғыштар буыны, С-295 әскери-көліктік ұшақтар, тактикалық ұшқышсыз ұшу аппараттары жұмылдырылады.

Қазақстан бөлімшелері орындайтын оқу-жауынгерлік

тапсырмаларының қатарына іздеу-барлау операцияларын жүргізу, қарсыластың тәжірибелі жасақтарын жою кезінде жауынгерлік қорғау

бөлімшелерінің іс-қимылдарын пысықтау, шабуыл жасап заңсыз қаруланған құралымдарды жою, ұрыс алаңынан жаралылар мен істен шыққан техниканы

көшіру кіреді.

Қазақстан мен Өзбекстан бірлесіп «Hamkorlik-2021» оқу-жаттығуын өткізеді
Kategoriler
Kazinform

Тәуелсіздік туралы 100 әңгіме: Қатаң құпия жағдайында ұлттық валюта – теңгені енгізу

НҰР-СҰЛТАН, 15 қараша 2021 (ҚазАқпарат) – Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «ҚазАқпарат» ХАА» АҚ электронды нұсқада «Тәуелсіздік туралы 100 әңгіме» кітабын шығарды. Қазақ, орыс және ағылшын тіліндегі электронды кітап – 1991 жылдан бастап бүгінгі күнге дейінгі соңғы үш онжылдықтағы Қазақстан Тәуелсіздігінің жетістіктерімен тікелей немесе жанама байланысты бірегей оқиғалар альманахы.

Спикерлердің көпшілігі тарихи оқиғаның куәгері бола отырып, өздерінің жеке естеліктері мен эмоцияларымен бөліседі, ел дамуының әрбір нақты кезеңінің бұрын белгісіз болған бөлшектерін еске алады.

Сонымен қатар, бұл кітапта соңғы 30 жыл ішіндегі экономикалық, қоғамдық-саяси және мәдени процестерді талдайтын салалық сарапшылардың пікірлері келтірілген.

Әңгімелерде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясаттағы бейнесі ерекше орын алады.

«ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына осы кітаптан үзінділер жариялайды.

Қатаң құпия жағдайында: ұлттық валюта – теңгені енгізу

Сергей ТЕРЕЩЕНКО

Қазақстан Республикасының Бірінші Премьер-Министрі 1991-1994 жылдар

1993 жылы совет дәуірі кеңістігінде бірыңғай рубль аймағының құрдымға кетіп бара жатқанына көзіміз жетті. Осы тұста Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық валютаны енгізу мәселесін шұғыл пысықтауды тапсырды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша теңгенің тұжырымдамасымен, дизайнымен айналысатын өте шектеулі әрі аса жауапты адамдардан тұратын жабық топ құрылды. Дайындалып жатқан операция туралы ешкім де білмеді – барлығы қатаң құпия жағдайында өтті.

Шындығында, Елбасының өзі жаңа валютаны енгізудің қаншалықты сәтті шығатынына қатты алаңдайтын еді. Сондықтан да, ол осы процеске тікелей араласты.

Бұл маңызды кезеңде Экономикалық реформа, қаржы және бюджет мәселелері жөніндегі комитет төрағасы Сауық Темірбайұлы Тәкежанов пен оның орынбасары, кейіннен Мәжілістің бірінші спикері болған Марат Оспановтың ерен еңбегін ерекше атап өткен жөн деп санаймын.

Осындай тұлғалардың күш-жігері арқасында Англиядағы қазақтың төл теңгесінің алғашқы партиясы басылып шықты. Қап-қап ақша төрт ИЛ-76 ұшағымен Алматыға жеткізілді.

Бұдан кейін осы ұшақтар Лондоннан Қазақстанның облыс орталықтарына тағы 18 рейс жасады. Бір жағынан сол уақытқа арнайы жерасты қоймалары да дайындалып жатты.

Әлбетте, валюта тасу операциясы қатаң құпияда жүзеге асты. Ал әлгі ұшақтарға берілген құжатта «салынып жатқан Президент резиденциясына арналған жабдықтар» деп көрсетілді.

Алайда, ең қиыны жаңа ақшаны өңірлердегі барлық банктерге жеткізу болды. Бірақ, бұл жұмыс та сәтті болды, сегіз күн ішінде барлық өңірге ақша жеткізілді.

Сосын теңге айырбастаудың өзі де үш тәулік ішінде біз ойлағаннан әлдеқайда жақсы өтті, жұртшылық тарапынан ешқандай түсінбеушілік болған жоқ.

Бұл үшін де әрине ең бастысы халқымызға шыдамдылық пен ұстамдылық танытқаны үшін көп рахмет.

Расында да, Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай «жаңа валютаны енгізу барысында әлем бойынша осыншама шапшаң әрі табысты операция болмаған да шығар».

1993 жылы 2 қарашада Қазақстан рубль аймағынан шығатындығы туралы мәлімдема жасады.

Нұрсұлтан Назарбаев өзінің теңгені енгізу ниеті туралы көрші мемлекеттердің басшыларын – Ислам Каримовты, Асқар Ақаевты және Сапармұрад Ниязовты жасырын түрде ескертті.

Ал 10 қарашада Президент Назарбаев Өзбекстан Президентімен бірге баспасөз конференциясын өткізді, онда екі республика да рубльден бас тартып, өз валютасын енгізетінін хабарлады.

12 қараша күні таңертең Президент Нұрсұлтан Назарбаев теледидар мен радио арқылы ел азаматтарына ұлттық валютаның енгізілетініне байланысты үндеу жасады.

«Әрине, валютаны өндіріс құлдырауын тоқтатқаннан кейін және халықтың өмірін жақсартып, ақша жүйесін тұрақтандырғаннан кейін еңгізу оңайырақ болар еді. Алайда ондай кезді таңдап, күтіп отыруға уақыт болған жоқ. Жағдай қаншалықты күрделі болса да, біз әлеуметтік-экономикалық реформалар бағытын жалғастыруға міндеттіміз», – деп мәлімдеді сол кезде Елбасы.

Осылайша Қазақстан тәуелсіздіктің тағы да бір ең маңызды сатысынан аттады – өзінің ұлттық валютасы бар мемлекет болды.

Теңге – азаматтарымыздың тәуелсіз Қазақстанның болашағына деген сенімін нығайтты, елдің әлемдік аренадағы беделінің өсуіне ықпал етті.

Қазақстан төл теңгесін енгізгеннен бастап тәуелсіз қаржы-экономикалық және ақша-несие саясатын жүргізіп, түбегейлі реформаларды іске асыра алды.

Бүгінде қазақстандық теңгенің тұрақтанып, әлемдік валюталар қатарында лайықты орын алғанына ешкім де күмәнданбайды.

Kategoriler
Kazinform

Қазақстанда қанша адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды

НҰР-СҰЛТАН, 12 қараша 2021 (ҚазАқпарат) – Қазақстанда 12 қарашадағы мәлімет бойынша Қазақстанда 8 501 375 адам коронавирусқа қарсы вакцинаның I компонентін салдырды.

Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Telegram каналына сілтеме жасап хабарлайды.

Сондай-ақ вакцинаның II компонентін 7 777 468 адам салырды.

Қазақстанда қанша адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды
Kategoriler
Kazinform

Көшпенділер ізімен: Тараздан киелі Түркістанға керуен аттанды

ТАРАЗ, 12 қараша 2021 (ҚазАқпарат) – Тарихи Тараздан киелі Түркістанға көшпенділер ізімен керуен жолға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысының Түркістандағы күндері аясында «Ұлы Жібек жолы. Тарих қойнауынан – түркілер бесігіне» атты көш түзеген керуенді шығарып салу салтанаты Қазақ хандығының туын тіктеген Керей мен Жәнібек хандардың монументі алдында өтті.

Шараға зиялы қауым өкілдері, өнер иелері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

«Тараз – тарихымыздың темір қазығы» – деп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, тарих тереңінен тамыр алатын рухани мұрамаларымызды жас ұрпаққа дәріптеп, аманаттау бүгінгі күннің мерейлі міндеті.

Көшпенділер ізімен: Тараздан киелі Түркістанға керуен аттанды
Көшпенділер ізімен: Тараздан киелі Түркістанға керуен аттанды

Шараның басты мақсаты – XX ғасырдың басына дейін сақталып келген керуен жолын жаңғырту, Қытай, Қазақстан және Орталық Азияның қалалары мен елді мекендерін байланыстырып отырғандығын көрсету, жаһандық өркениет аясында ұлттық бірегейлікті сақтаудың жолдары ретінде ұлттық мәдениет, ұлттық дәстүрді сақтау, жаңғырту, Тараздың Орталық Азиядағы ең көне қалаларының бірі екендігін айшықтау түсу.

Көшті шығарып салу барысында Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары әннен шашу шашса, Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының шығармашылық ұжымы театрландырылған қойылымды көпшілік назарына ұсынды. Осылайша, қазақы дәстүрмен ақ бата беріліп, мәдени, рухани керуен бабалар ізімен Түркістан жеріне аттанды. Аттанған керуен-күйменің құрамында 10 түйе, 6 бота, 20 ат, 3 ат арба, 1 керуен басы, 1 жыршы, 1 батыр, 14 қыз-жігіт бар.

Облыс әкімінің бастамасымен, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйытқы болуымен ұйымдастырылып жатқан өңіраралық мәдениет күндері аясында тағылымды шаралар да көпшіліктің назарына ұсынылатын болады.

Айта кетсек, Жамбыл облысының Түркістан облысындағы күндері аясында екі күн бойы «Тараз – Ұлы даланың көне шаһары» атты жылжымалы көрме, облыстық кітапханалардың «Өткені – өнеге, бүгіні – бекем, болашағы – жарқын Жамбыл өңірі» атты жылжымалы мәдени шарасы, «Тараздан Түркістанға Шашу» атты мерекелік концерті ұйымдастырылмақ.

Көшпенділер ізімен: Тараздан киелі Түркістанға керуен аттанды

Автор: Сая Сембай

Kategoriler
Kazinform

«Сары мысық» фильмі Қазақстанның атынан Оскар сыйлығына ұсынылды

НҰР-СҰЛТАН, 11 қараша 2021 (ҚазАқпарат) – Режиссер Әділхан Ержановтың «Сары мысық» фильмі Қазақстанның атынан «Оскар» жүлдесінің «Шетелдің үздік фильм» номинациясына ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кинотуындыны Short Brothers (Қазақстан), Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы және Arizona Productions (Франция) қомпанияларының қатысуымен Zerde Films (Қазақстан) компаниясы түсірді.

Фильм қазақстандық «Бонни мен Клайдтың» оқиғасын баяндайды. Кермек есімді жас жігіт түрмеде жазасын өтеп, қылмыстық топ өзінің қатал заңдарын орнатқан туған қаласына оралады.

Жігіттің ғашығы Ева қылмыскерлердің ықпалымен теріс жолға түскен, Кермек өзі де қылмысқа белшесінен батады.

Бірақ ол сүйген қызымен бірге еркіндікке қол жеткізіп, кинотеатр салу туралы арманын тастамайды.

Ол қалайда арманына қол жеткізуге бел байлайды…

«Сары мысық» – режиссер Әділхан Ержановтың тоғызыншы толықметражды көркем фильмі.

Түсірілім жұмыстары былтыр Алматы облысында өтті. Фильмнің бас продюсерлері: Әсел Сәдуақасова, Қанат Битеміров және Ербол Тойбаев.

Фильмнің әлемдік түсаукесері 77-ші Халықаралық Венеция кинофестивалі шеңберінде өтті.

Сондай-ақ кинотуынды Ресейдің «Ника» номинациясына және Asian Film Awards жүлдесінің «Үздік режиссер», «Үздік оператор» және «Үздік суретші» үш бірдей номинациясына ұсынылған болатын.

Осы уақыт аралығында аталған фильм Қытайда өткен «Жібек жолы» халықаралық кинофестивалінде «Ерекше сценарий» жүлдесімен, Батумиде және Стокгольмде өткен Hope International Film Festival фестивалінде «Үздік режиссер» жүлдесімен, «Мәскеулік тұсаукесер» кинофестивалінде киносыншылардың жүлдесімен, Verona International Film Festival және Brugge International Film Festival кинофестивалдерінде «Үздік көркем фильм» жүлдесімен марапатталған болатын.

Фильмнің сценарий авторлары – Әділхан Ержанов пен Инна Смаилова. Продюсерлік міндетті режиссердің тұрақты әріптестері Серік Әбішев пен Ольга Хлащева атқарды.

Картинаның ко-продюсері француз маманы Гийом де Сиель. Фильмнің операторы осыған дейін Әділхан Ержановтың «Үкілі кәмшат» және «Атбайдың шайқасы» фильмдерін таспалаған – Еркінбек Пітірәлиев.

Қоюшы суретші – Ермек Өтегенов, музыкасын Алим Заиров және Иван Синцов жазды.

Фильмге Азамат Нығманов, Камилла Нұғыманова, Санжар Мади және басқа актерлер түсті.

«Оскар» жүлдесінің салтанатты марапаттау рәсімі Лос-Анжелесте 2022 жылы 27 наурызда өтеді.