Kategoriler
Kazinform

Тәуелсіз Қазақстанның тарихын баяндайтын жаңа оқулық әзірленіп жатыр

АСТАНА. Мамырдың 5-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ – Бүгін Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Мемлекет тарихы институтында баспаға шығаруға дайындалып жатқан«Тәуелсіз Қазақстан тарихы» жаңа оқулығы мен хрестоматиясының жобасы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Білім және ғылым министрлігінің тапсырысымен жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттеріне арналып дайындалып жатқан оқулық қазақ және орыс тілдерінде әзірленуде.
Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяғанның айтуынша, оқулықта Кеңес Үкіметі құлаған 1985-ші жылдан бастап тәуелсіз Қазақстанның 2009 жылға дейінгі тарихы баяндалған. «Жаңа оқулыққа тек тарихи процестер ғана емес, сонымен қатар социалогиялық көзқарастар, саяси зерттеулер және жеке тұлғалардың еңбектері енгізілді. Кітап ескі оқулықтың орнын алмастырмайды, оның тек жалғасы болады»,

дейді ол.
Оқу құралының мазмұнында сонымен қатар, ҚР Президентінің ел халқына жыл сайынғы Жолдауы, елдегі бұқаралық ақпарат құралдарының, ұялы байланыс пен интернеттің дамуы, Олимпиадаға қатысушылар мен жеңімпаздар, оралмандар проблемасы мен сыртқы саясаттың дамуы туралы мәліметтер, сондай-ақ мемлекет тарихы үшін аса маңызды басқа да деректер қамтылған.
Жаңа оқулықтың жобасын талқылауға танымал ғалымдар, ҚР Парламентінің депутаттары, Астанадағы бірқатар жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысты.
Кітап ғалымдардың сүзгісінен өткеннен кейін қолданысқа алдағы оқу жылында енгізілуі мүмкін.

Kategoriler
Kazinform

Алматыда тіл біліміне арналған халықаралық симпозиум өтіп жатыр

АЛМАТЫ. Маусымның 5-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Алтай Аманжоловтың 75 жылдық мерейтойына арналған«Түркі әлемі: мыңжылдық тоғысындағы тіл, тарих және мәдениет интеграциясы» атты халықаралық симпозиум өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Симпозиум қазіргі тіл біліміндегі тілдің құрылымы, тілдік бірліктердің дамуы, тіл мен мәдениеттің өзара байланысы, тіл мен мәдениет диалогының жүзеге асырылуы мәселелерін өзара талқылау мақсатында өткізілуде. Шараға Испания, АҚШ, Финляндия, Ресей, Қытай, Нидерланды, Болгария, Тәжікстаннан 100-ден астам тіл мамандары қатысуда.
«Бүгінгі таңда тілдің қоғаммен, тарихпен, археология және мәдениетпен өзара қатысты, дамуы және қалыптасуымен тығыз байланысты өзекті ғылыми-теориялық мәселелерді қазіргі әлемдік және қазақстандық лингвистиканың дамуы үшін талқылау қажеттілігі айқындалып отыр. Бүгінгі симпозиум соның орындалуының бастамасы», –

дейді ҚазҰУ-дің жалпы тіл білімі кафедрасының меңгерушісі Элеанора Сүлейменова.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, симпозиум дер шағында өткізіліп отыр. Себебі қазіргі таңда тілдің тарихи даму аспектілерін зерттеу, лингвомәдениеттану, этнолингвистика, когнитивтік лингвистика, ареалдық лингвистика сынды бағыттарды дамыту қажеттілігі туындауда.

Kategoriler
Kazinform

«Қазақтың 100 романы» кітап боп шықпақ

АЛМАТЫ. Мамырдың 29-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ – «Қазақтың 100 романы» кітап боп шығатын болды. Бұл жайлы бүгін Алматыда өткен Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының кезекті пленумында белгілі болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жазушылар одағына кейінгі 2 жылда бюджеттен 180 миллион теңге қаражат бөлінді. Бұл кейінгі 18 жылдың ішінде бірінші рет болып отырған жағдай. Оны Елбасының сіздерге жасап отырған қамқорлығының бір белгісі деуге болады. Әйтпесе қоғамдық ұйым Конституция бойынша қаржыланбайды деп қарап отыруға да болатын еді. Жыл сайын бізде кітаптар шығаруға мол қаржы бөлінеді. Том-том болып шығып жатыр. Айтыңыздаршы Кеңес заманында ең мықты деген көп томдық Мұхтар Әуезовтың 20 томдығы мен Сәбит Мұқановтың 16 томдығы ғана еді. Бүгінде 15 томдығы шықпаған жазушының өзі аз деп айтуға болады. Мемлекет тарапынан мұндай шынайы қамқорлық жүріп жатқаны рас. Барды бар деп айту керек. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. Елбасының өзі үздік шығармаларды оқып, өз қолымен хат жазып отырады. Ол баспасөзде жарияланады», – дейді Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед. Министрлік биыл «Жазушы» баспасымен бірігіп, «Қазақтың 100 романы» деген үлкен жобаға кірісейін деп отыр. Ол 300 томға дейін баруы мүмкін.
«Біздің үлкен кемшілігіміз, жақсы аударма жоқ. Әбдіжәміл Нұрпейісовтен басқа бірде-бір қазақтың жазушысы өз шығармасының орыс тіліне аударылуын құнттаған емес. М. Әуезовтің «Абай жолының» өзін өз дәрежесінде бір ай бұрын ғана аударып бітірдік. Сондықтан біз осы олқылықтың орнын толтыру үшін «Аударма» баспасымен «Орыс тіліндегі қазақ әдебиетінің кітапханасы» деген, кем дегенде 100 том болатын жаңа серияға кірісейік деп отырмыз. Бізде қазір ағылшын тілін білетін жаңа буын өсіп шықты. Қазақ әдебиетін әлемдік деңгейде таныту үшін келесі жылы «Қазақ әдебиетінің ағылшын тіліндегі кітапханасы» деген тағы бір жобаға кірісейік деп отырмыз», – дейді Мұхтар Абрарұлы.

Kategoriler
Kazinform

Қазақ тіліндегі хабарлары елу пайызға жетпейтін телеарналар заң жүзінде қатаң жауапқа тартылады – Мәдениет және ақпарат министрі

АСТАНА. Мамырдың 27-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ – Қазақ тіліндегі хабарлары елу пайызға жетпейтін телеарналар заң жүзінде қатаң жауапқа тартылады. Бұл туралы бүгін Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед «Хабар агенттігі» акционерлік қоғамының өкілдерімен болған кездесуінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бәсекеге қабілетті қазақы ортаны қалыптастыру – басты міндеттеріміздің бірі. Біз 67 пайыз қазақ болдық. Елімізде қазір өз тілін түсінбейтін бірде бір қазақ жоқ. Олар ана тілінде сөйлей білмеуі мүмкін. Бірақ өз тілін түсінбейтіндер жоққа тән. Бұл мәселені «Хабар агенттігі» басты назарды ұстағаны жөн», – деді министр.

Kategoriler
Kazinform

Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының депутаты Мехмет Чичек: Қазақстанның Елордасы – Астана біздің де мақтанышымыз

АСТАНА. Мамырдың 23-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ – Мамырдың 21-і күні Парламентте өткен «Қазіргі Қазақстан және «Еуропаға жол» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда және еліміздің бірқатар лауазым иелерімен өткізген кездесулерде Түркияның Ұлы Ұлттық Жиналысының депутаты, «Түркия-Қазақстан» ынтымақтастық жөніндегі тобының жетекшісі Мехмет Чичек
мырза Қазақстан жайлы ақжарқын пейілін білдірді.
Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастықтың келешегі туралы сенімді пікірін алға тартты. «Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Түркия туралы ой толғағанда ол екеуін екі мемлекет, бір халық деген болатын. Осы сөзі әлі есімізде. Біз халықаралық байланыстың сыртында, өте жақын халықпыз»,- деді түркиялық мейман. ҚазАқпарат Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының депутаты Мехмет Чичек мырзаның еліміз туралы айтқан ойын толық нұсқасында оқырмандар назарына ұсынып отыр.
– Қазақстан Парламентінің шақыруымен Астанаға келіп, осындай алқалы жиында сөз сөйлеудің мен үшін үлкен қуаныш және мәртебе екенін білдіргім келеді. Осы орайда, бүгінгі шараның өткізілуінде еңбек еткен барша қызметкерлерді шын көңіліммен құттықтап, осындай көлемді шаралардың дос және бауырлас Қазақстанның халықаралық мәртебесінің одан әрі көтерілуіне үлес қосып, қазіргі Қазақстанның Еуропаға жолын ашатынына шын жүректен сенетінімді айтып өткім келеді.
Қазақ деген атау азат, тәуелсіз, батыр, каһарман және өжет мағыналарын білдіреді. 1991 жылы тәуелсіздігін алған Қазақстан атына сәйкес жүргізіп отырған тәуелсіз, салмақты және батыл саясатымен әуелі халықтың әл-ауқатына мән бере отырып, барлық салада үлкен ұмтылыстар жасады. Қазақстанның жетістіктері мен осы бағытта жасаған батыл қадамдарын біз де барлық халықаралық қоғаммен бірге мақтанышпен қадағалап отырамыз.
Қазақстан 2000 жылдан бері ел дәулетін жыл сайын орташа 10 пайызға арттыра білді. Егемендігін алған соң жүзеге асырған экономикалық реформалары кезінде алған жемісті нәтижелерінің арқасында едәуір шетелдік инвестицияны өзіне тарта білді. Орталық Азияның жетекшісі елдерінің қатарына енген Қазақстанның өзіне деген сенімділігі артты, саяси ерік пен ұлттық ресурстарды халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында жұмсай білді. Соның нәтижесінде өзге елдер тарапынан лайықты оң бағаға ие болды.
Халықаралық Қаржы қоры тарапынан нарықтық экономикасы бар елдер қатарынан орын тепкен Қазақстанның осы аймаққа құйылған инвестицияның 75 пайызына ие болуы елдің әлеуетін көрсетеді. Әлемде жалғасып жатқан экономикалық дағдарыс, әрине, Қазақстанға да әсерін тигізді. Алайда, мен Қазақстанның бұл кезеңді жеңіп шығатынына және қайтадан жедел даму жолына түсетініне сенімдімін.
Қазақстан экономикалық саясаттағы көреген қадамдары арқылы белсенді және бір қалыпты сыртқы саясатымен аймақтағы басымдылығын көрсетті. 2008-2009 жылдары Азиядағы ынтымақтастық диалогына жетекшілік жасап, ал 2010 жылы Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына, 2011 жылы Ислам конференциясы ұйымына төрағалық ететін және басқа да халықаралық ұйымдарда үлкен беделге ие болған Қазақстан халықаралық геополитикалық күштер тарапынан да мойындалуда.
Қазақстанның алдымыздағы он жыл ішіндегі жаңа даму стратегиясы белгіленген және осы бағытта бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылуды мақсат ететін «Қазақстан 2030» стратегиясы шеңберінде қабылданған «Еуропаға жол» бағдарламасы қабылданған. Бұл Қазақстанның Еуропамен қарым-қатынасының ең жоғарғы деңгейге шығуына, экономикалық, саяси, мәдени салаларда және демократиялық жүзеге асыруларда Еуропаның бір бөлігі болуын көздейді. Және де Қазақстанның өтіп отырған жолы басқа елдер үшін де үлгі болары анық.
Қазақстанның Еуропаға жақындай түсуіне ықпал ететін «Еуропаға жол» бағдарламасына қолдау көрсетілуі қажет екені туралы бәріміз де пікір Түркия бұл бағыттағы талпыныстарды шүбәсіз қолдайды. Қазақстанның Анкарадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, қадірлі досым Бағдат Әміреев айтқандай, географиялық жағынан жерінің бестен бірі Еуропа құрлығында орналасқан Қазақстанның Еуропаға жолы, күмәнсіз Түркиядан өтеді.
Негізінде екі елдің қарым-қатынасының алған бағыты мен қазіргі кездегі деңгейіне қарағанда осыны ұғу қиын емес. Қазақстан – Түркияның Орталық Азиядағы ең үлкен серіктесі. Қазақстан мен Түркияның Елбасыларының арасындағы достық байланыс халықаралық қауым үшін үлгі болуда.
2008 жылдың қорытындысында екі елдің сауда айналымының 3,2 миллиард АҚШ доллары көлемінде болуы біз үшін қанағаттанарлық емес. Бұл көрсеткішті тағы да арттыра түсу біздің негізгі мақсаттарымыздың бірі екені анық. Түрік компанияларының Қазақстанда алған мердігерлік міндеттерінің 8,8 миллиард долларға жетуі екі ел үшін де қанағаттанарлық жағдай. Қазақстандағы түрік инвестициясының мұнайдан басқа шетелдік инвестициялар арасында бірінші орында тұруы үлкен мақтаныш. Телекоммуникация, банк және қаржы жүйесі, құрылыс, басылым, білім, транспорттау, көлік, өндіріс өнеркәсібі, мұнай және қызмет секторы сынды салаларда жұмыс жүргізіп жатқан түрік кәсіпкерлерінің бұдан да үлкен жобаларды міндеттеріне алуға деген табандылықтары бізді одан әрі үміттендіріп, келешекке сенімді қарауымызға ықпал етеді. Энергетика және транспорттау салаларында өзге де жобалардың жүзеге асырылуы осы жарасымды ынтымақтастығымызды одан әрі дамытады. Осы орайда 2008 жылғы қарашадан бері қазақ шикі мұнайының «Баку-Тибилиси-Жейһан» мұнай тасымалдау құбыры арқылы Жерорта теңізіне жетуінің маңызын айта кеткенім жөн.
кі ел арасында халықаралық ұйымдардың шатыры астында өте жемісті де жарасымды ынтымақтастық жалғасуда. Түркияның Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесіне мүшелігіне қабылдануы, Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ төрағалығына сайлануы сынды табыстарда елдеріміздің бір-бірлеріне жасаған қолдауларының да маңызы зор. Өзара жәрдемдесудің Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына үміткерлігінде де жалғасатыны сөзсіз. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨІСШК) кезең төрағалығының құрметті Президенттің ұсынысы бойынша екі жылға (2010-2012) Түркияға берілуі болса, бұл да сыртқы саясаттағы келісім мен үйлесімнің тағы бір үлгісі болып табылады. Түркі тілдес мемлекеттер басшыларының саммитінде және осы саммитке қатысты құрылымдарда құрметті Президент Н. Назарбаевтың жасаған мықты қолдауын да ерекше атап өтер едім.
Бұлардан басқа, әскери, білім және мәдени салалардағы тығыз байланыс пен ынтымақтастық күн өткен сайын артуда. Қарым-қатынастарымызды нығайту үшін бірге жүргізіп жатқан жұмыстарымыз келешекке үмітпен қарауымызды қамтамасыз етуде.
1999 жылы ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығына және Мәскеуде өткен «Мегаполис: ХХІ ғасыр» атты халықаралық форумда көптеген жүлдеге ие болған Қазақстанның Елордасы – Астана біздің де мақтанышымыз. Мұнда бірқатар түрік компаниялары екі елге де тиімді әрі жемісті қызмет етуде.
Қазіргі таңда халықаралық қауымның сыйлы мүшесіне айналған Қазақстанның және барша түркі тілділердің рухани атасы, ақсақалы болып есептелетін Қожа Ахмет Ясауидің адамдарды сабырлы және ақылды болуға шақырған үндеуін берік ұстанулары нәтижесінде барлық қиыншылықтарды жеңетіндеріне, көздеген мақсаттарына жететіндеріне және оларды жарқын болашақ күтіп тұрғанына сендіргім келеді.
Қазақстанда жүзеге асып жатқан ізгі іс-шаралар өзге елдер үшін жемісті тәжірибе болатынына тілектестігімді білдіремін, – деді Мехмет Чичек мырза.

Kategoriler
Kazinform

Қазақстан Антарктидада өзінің ғылыми стансысын ашады

АСТАНА. Сәуірдің 30-ы. ҚазАқпарат – Қазақстан Антарктидада өзінің ғылыми стансысын ашады. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында «Қазгидрометтің» Экологиялық мониторинг ғылыми сүйемелдеу басқармасының жетекші инженерлері, Антарктида экспедициясына қатысушы Берік Баймағамбетов пен Қадырбек Бектұрсынов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
52-ші экспедиция құрамында болып қайтқан қазақстандық «Қазгидромет» мамандарының бірі Берік Баймағамбетовтың айтуынша, 1959 жылы қабылданған келісімге орай Антарктида әлем елдері үшін бейбіт мақсатта зерттеу жұмыстарын жүргізетін ортақ аймақ болып есептеледі. «Осы келісімге сәйкес Қазақстан аймақтың табиғи ерекшеліктерін жан-жақты зерттеуге мүмкіндік ала алады», – дейді ол.
Оның сөзіне қарағанда, Антарктида қазақ жерінен айтарлықтай алыс қашықтықта орналасса да, ондағы табиғи байлықтар мен зерттеу жұмыстары ауадай қажет. «Ол жерлерде әлемдегі таза судың 80 пайыз қоры бар. Ғылыми жұмыстармен шұғылдану барысында темір кені, көмір, бағалы тастар мен басқа да құнды заттар қорларының бар екендігі анықталды. Осы шикізаттарға, құрлық территориясынан Қазақтың да үлесі болу үшін бізге жеке полярлық стансы салған жөн», – деп атап көрсетті Б. Баймағамбетов.
«Бас кезінде орыстардан ресейлік стансыларды жалға алу жөніндегі ұсыныстар қарастырылды. Бірақ ол стансылардың қолайсыз жерлерде орналасқандығы және техника жабдықтарының ескіруі бұл ұсыныстан бас тартуға себеп болды. Біз өзіміз стансының салынатын жерін белгілеп, оны озық технологиялармен жабдықтауды межелеп отырмыз. Стансының құрылысы 2010 жылға жоспарлануда», -дейді «Қазгидрометтің» Экологиялық мониторинг ғылыми сүйемелдеу басқармасының жетекші инженері Қадырбек Бектұрсынов.
Инженер мамандардың айтуынша, осындай бір стансыны ұстау үшін жылына 10 млн. АҚШ долларын жұмсау керек.

Kategoriler
Kazinform

Қазақстанның бастамасымен келер жылы ЮНЕСКО шеңберінде Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық жылы атап өтіледі

АСТАНА. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат – Қазақтың көрнекті ақыны, ЮНЕСКО-дағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Олжас Сүлейменов ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссиясы отырысының қатысушыларына ЮНЕСКО-ның Бас директоры Коитиро Мацуураның атынан құттықтау жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«К.Мацуура Қазақстан жерінде бірнеше мәрте болып, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссиясының төрағасы Иманғали Тасмағамбетовпен бірге бірқатар ұлттық-мәдени орындарды аралап көрген болатын. Келер жыл Қазақстанның бастамасы бойынша Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық жылы болмақ. Қазақстанның ұсынысын алдымен ЮНЕСКО, одан кейін БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы қолдады. ЮНЕСКО-ның Атқарушы кеңесінің соңғы жиынында бұл идеяны Ресей, АҚШ, Қытай, Бразилия, Африка елдері және көптеген басқа да елдердің делегациялары қолдады», – деді ол.
Қазір ЮНЕСКО-ның Штаб- пәтерінде аталмыш жылды атап өту мақсатында іс-шаралар жоспары пысықталып жатыр.
О.Сүлейменов Қазақстанның бұл бастамасы қазіргі уақытта аса маңызды болып табылатын – халықтардың, ұлттардың бірігуіне септігін тигізетін бірден-бір шара екенін атап өтті. Сондай-ақ ол, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссиясының өткен жылғы қаржылық қиындықтарға қарамастан атқарған жұмыстарына оң бағасын берді.

Kategoriler
Kazinform

Мембасқаруды дамыту: Президент Іс-қимылдар жоспарын қабылдауды тапсырды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің үшінші отырысында 2030 жылға дейін мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасының жобасы қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұжырымдаманың жүзеге асырылуы әкімшілік-бақылауға бағытталған әдістен адам мен оның игілігі басты құндылықтар саналатын мемлекет пен халықтың өзара ықпалдастық моделіне көшуді қамтамасыз етеді.

Осы құжаттың аясында мемлекеттік аппараттың кәсібилігін жетілдіруге, оның қоғам алдындағы есептілігіне, реттеушілік саясатты ілгерілету мәселелеріне, мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігін арттыруға, квазимемлекеттік секторды оңтайландыруға, жергілікті басқару ісін дамытуға және т.б жол ашылады. Жалпы, Тұжырымдамада қамтылған шаралар мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға және оның ашықтығына ықпал етеді. Бұл мемлекеттік басқару институтына деген сенім деңгейін көтереді. Тұжырымдаманың негізгі ережелері 2025 жылға дейін іске асырылуы тиіс. Ал оның негізгі қағидалары биыл орындалады. Қасым-Жомарт Тоқаев аталған құжат қоғам талабына сай келеді және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды әрі маңызды өзгерістерді қамтиды деп санайды. Осыған орай Президент Үкіметке тиісті ресурстарды бөле отырып, егжей-тегжейлі сараланған Іс-қимылдар жоспарын қабылдауды тапсырды.

Мембасқаруды дамыту: Президент Іс-қимылдар жоспарын қабылдауды тапсырды
Kategoriler
Kazinform

Алдымызда еліміз бұрын-соңды көрмеген сын-тегеуріндер тұрғанын түсінеміз – Келімбетов

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов Президент төрағалығымен өткен Реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің үшінші отырысында қандай мәселелер қызу талқыланғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің бүгінгі отырысында мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесін көп талқыладық. Пікірталасқа қатысушылардың бәріне де бұл сұрақ өте қызықты деп ойлаймын. Себебі көп мәселе шешімді қабылдау жүйесіне тікелей байланысты. Сондықтан бұл жүйені қалай құрып, бірінші кезекте қандай шара қабылдануы керектігі жөнінде мәселе көп талқыланды. Осының нәтижесінде Жоғары кеңестің отырысынан кейінгі әрекеттер легін белгілеуде өте ойлы шешім қабылданды деп ойлаймын», – деді Қайрат Келімбетов сарапшы Рахым Ошақбаевпен «Хабар 24» арнасында жүргізген сұхбатында.

Оның айтуынша, мемлекеттік жоспарлау жүйесі фундаменталды негізге берік байланған.

«Мемлекеттік жоспарлау жүйесі Қазақстан 30 жыл бұрын таңдап алған экономикалық және саяси бағдарды мақұлдайды. «Қазақстан 2030», «Қазақстан 2050» стратегияларымен бірге Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаның қабылданғанын білесіздер. Олардың бәрі де маңызды. Ендігі кезекте біз қолға алатын реформалар – осы реформаларды аяқтауды, жалғауды көздейді. Осы реформалардың барлығы мемлекеттік басқаруды жетілдіруді, жаңғыртуды көздейді, азаматтардың мемлекеттік институттарға сенімін нығайтуды, экономиканы әртараптандыруды мақсат тұтады. Біз қазір алдымызда бұрын-соңды еліміз көрмеген сын-тегеуріндер тұрғанын түсінеміз. Сол себепті белгілі бір реформалар бейімделуді талап етеді. Сол себепті Үкіметте шешім қабылдаудың өте ыңғайлы жүйесін құруды тапсырды», – дейді ол.

Еске сала кетсек бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің үшінші отырысы өткен болатын. Жиында Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын әзірлеу, Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі, Мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы, 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендіру жоспарының жобасы, сондай-ақ, Жедел реформалар пакеті және ұлттық халық санағын өткізу мәселелері қарастырылды. Отырыста Президент мемлекеттік басқаруды дамыту үшін іс-қимылдар жоспарын қабылдауды тапсырды.

Алдымызда еліміз бұрын-соңды көрмеген сын-тегеуріндер тұрғанын түсінеміз – Келімбетов